Конспирология

Фейк: «Ғалымдар XIX ғасыр медиумының болжамын растады»

Желіде ғалымдар XIX ғасырда өмір сүрген медиум Елена Блаватскаяның болжамдарын растады деп мәлімделген видео тарады. Ол кім болған және нені болжады? Ғалымдар оның сөзіне дәлел тапқаны рас па? Талқылайық.

Елена Блаватская – ХІХ ғасырдың басты оккультистерінің және мистиктерінің бірі. Ол Ресей империясында туып-өскен, бірақ 17 жасында сәтсіз некеден кейін елден кетіп, алдымен Азияда, содан кейін Еуропа мен АҚШ-та саяхаттаған. Блаватская оккульттік ағымдарды, діндерді және әртүрлі халықтардың ырымдарын белсенді зерттеп, өз ағымын – теософияны жасап шығарды.
Ол адамдарды алдау арқылы ақша тапқан. Спиритизм сеанстарын өткізетін жеке салонын ашқан. Біраз уақыттан кейін адамдар Блаватскаяның алаяқ екенін түсінді. Нәтижесінде ол тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болды, ал оны жақтаушылар саны азайды.
Елена Блаватскаяның басты еңбегі – қазіргі конспирологтар әлі де болса сәуегейлік деп санайтын «Құпия доктрина» кітабы. Әрине, бұл олай емес. Онда уақыт өте келе бірін-бірі алмастырған әртүрлі адам нәсілдері туралы жазылған. Бірінші нәсілге жатқан адамдардың бойы 18 метр, бір көзі және ерекше күші болған. Мұның бәрі Блаватскаяның ой-қиялының жемісі. Мұндай тіршілік иелерінің бір кездері Жер бетінде өмір сүргеніне археологиялық дәлелдер жоқ. Ғалымдар көп жылдар бұрын жойылып кеткен ең үлкен адам тәрізді приматтар – гигантопитектер болғанын біледі. Алайда олардың бойы 18 метрге жетпеген. Шамамен есептеулер бойынша, ең ұзыны үш метрден сәл ғана асқан.
Конспирологтар үлкен тасқа айналған «адам» бас сүйектері бейнеленген археологиялық орындарда түсірілген фотосуреттер арқылы алып адамдардың бар екендігін бірнеше рет дәлелдеуге тырысты. Алайда, тексерген кезде бұл «дәлелдердің» барлығы графикалық редакторларда өңделген кадрлар болып шықты.
Сондай-ақ Блаватская өз кітабында арий нәсілі туралы жазғанын атап өткен жөн. Мұндай нәсіл жоқ және мүлдем болған емес. Бастапқыда бұл термин бірнеше ұқсас тілде сөйлеген халықтар тобына қатысты қолданылды. Алайда, ХХ ғасырдың басында, фашизм пайда бола бастаған кезде, бұл термин немістер жататын «жоғары» нәсілге қатысты қолданылды. Барлық басқа халықтар төменгі нәсілдердің өкілдері болып саналды және «арийлердің» пікірінше, олардың құқықтары мен бостандықтары аз болды.
Блаватская болашаққа қатысты нақты болжамдар жасаған жоқ немесе олар бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Ол осы әлемнің құрылымының өз нұсқасын сипаттап, жеке діни ағымын дамытты. Оның көзқарасының шын екеніне ғылыми дәлелдер жоқ.
Демек, ғалымдар оның кейбір болжамдарын растады деген ақпарат – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button