Фейк: «ДДСҰ 10 жыл бойы жаңа пандемиялар ұйымдастырады»
Instagram-да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 10 жыл бойы пандемия ұйымдастырады, қажет болған жағдайда жаңа аурулар шығарады деген ақпарат тарады. Бұл туралы ДДСҰ-ның 10 жылдық жоспарында жазылған екен. Мұның бәрі өтірік.
ДДСҰ 10 жыл бойы пандемия ұйымдастырады дегенге сенуге негіз жоқ. 2023 жылдың 5 мамырында ұйым COVID-19 енді денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес екенін ресми түрде жариялады. Содан бері ешқандай жаңа пандемия жарияланған жоқ, сондай-ақ ғалымдар осы кезеңде бұрын белгісіз болған ауруларды таппаған.
Постта айтылып отырған ДДСҰ-ның 10 жылдық жоспары «Пандемиялық және эпидемиялық әлеуеті бар патогендерді геномдық бақылаудың жаһандық стратегиясы, 2022-2032 жж.» деп аталады. Бұл құжат баршаға қол жетімді және кез келген адам онымен таныса алады. Онда 10 жыл бойы пандемия ұйымдастыру туралы сөз жоқ. Керісінше, жоспарда бұрыннан белгілі патогендерді бақылау және оны күшейтуді және олардың жаһандық таралу қаупі болған жағдайда шұғыл әрекет ету қарастырылған.
Тараған постта пайдаланушылар голландиялық вирусолог Марион Купманстың сөзіне сүйенеді, алайда ол ДДСҰ пандемиялар ұйымдастырады деп мәлімдемеген. Оның мұндай дәйексөздері онлайн БАҚ-та да, ашық қол жетімді бейнематериалдарда да табылған жоқ.
2020 жылы ол әлемде COVID-19 сияқты аурулардың жаңа ошақтары боулы ықтимал деп айтқан. Алайда, бұл осы ошақтарды ДДСҰ тудырады немесе қоздырғыштар қасақана жасалады дегенді білдірмейді.
Демек, таралған ақпараттағы негізгі мәлімдемелердің бәрі жалған. ДДСҰ пандемия ұйымдастырмайды, ұйымның 10 жылдық жоспарында бұл туралы айтылмаған, ал вирусолог Марион Купманс бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.