Фейк: «COVID-19 вакцинасының құрамында нанороботтар бар болғандықтан оны суықта сақтау керек»
Қазақстандықтар жаңа COVID-19 вакцинасын Цельсий бойынша -70 градус экстремалды төмен температурада сақтау қажеттігі туралы өз идеялары мен теорияларымен бөлісуде. Кейбіреуінің пікірінше, бұл сананы басқара алатын нанороботтардың тиімділігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл олай емес.
Pfizer компаниясы әзірлеген COVID-19 қарсы вакцина ерекше сақтау жағдайларын қажет етеді. Әзірлеушілердің айтуынша, препараттың қауіпсіздігі үшін оның -70 градустық температурада сақтау керек. Ал оны тасымалдау үшін құрғақ мұзбен толтырылған арнайы герметикалық кейстер жасалды.
Алайда, вакцинаны өте төмен температурада сақтау нанороботтарды қолданумен байланысты емес. Мұндай талаптар Pfizer компаниясының COVID-19 қарсы вакцинасы модификацияланған РНҚ–ға негізделгендіктен қойылып отыр. Бұған дейін осындай құрамы бар вакциналар қолданылмаған. Матрицалық РНҚ – ақуыздардың бастапқы құрылымы туралы ақпарат беретін толық РНҚ тізбегінің бір бөлігі. Ол транскрипция – ақпаратты ДНҚ-дан РНҚ-ға беру арқылы алынады.
мРНҚ құрылымы өте нәзік және химиялық реакция кезінде вакцина құрамындағы ферменттерді оңай жояды. Бұған жол бермеу үшін вакцинаны өте төмен температурада сақтау керек – бұл ондағы процестерді баяулатады.
Басқа өндірушілердің COVID-19 қарсы вакциналарында тұрақтандырғыш ретінде липидті нанобөлшектер қолданылады. Бұл роботтар немесе машиналар емес. Бұл – құрамында мРНҚ болған липидтерге негізделген бөлшектер. Дегенмен, оларды қолдану вакцинаның толық тұрақтылығына кепілдік бермейді. Зат өзінің қасиеттерін сақтауы үшін оны Цельсий бойынша нөлден төмен температурада сақтау керек.
Вакциналарды тоңазытқышта сақтау – жаңа талап емес. Сіреспе, қызылша және полиомиелитке қарсы белгілі препараттар салыстырмалы түрде төмен температураны қажет етеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда COVID-19 вакциналарының ешқайсысы сатылымда жоқ. Клиникалық сынақтан өткен дәрі-дәрмек қазір қауіпсіздігін анықтау бойынша сыналуда.
Сондай-ақ, Pfizer компаниясының Қазақстанға вакцина жеткізетіні туралы хабарланған жоқ. Бүгінде препараттың 80%-дан астамы бірнеше елдің арасында, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Еуропалық Одақ мемлекеттері арасында бөлінетіні белгілі.