Fake News

Фейк: «Нюрнберг процесінде жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіру қылмыс деп танылды»

Желіде жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіру қылмыс болып саналады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Нюрнберг процесі атауымен белгілі Гитлердің жақтастарына қатысты сот процесінде айтылған екен. Пайдаланушылардың айтуынша, сол кезде адамдардың деректерін иесіздендіру нөмірлерін беру және таңбалау қылмыс деп танылған. Бұл рас па? Тексерейік.

Желіден іздегенде мұндай ақпараттың 2020 жылдың мамырында таралғаны анықталды. Әлеуметтік желі қолданушылары Нюрнберг процесінің материалдары бар екі томдық кітаптың адамдарға нөмір беруге және таңбалауға тыйым салу туралы жазылған нақты беттерін көрсеткен.

Аталған басылымды онлайн оқуға болады. Көрсетілген беттерде адамдарға нөмір беруге тыйым салу немесе таңбалау туралы ақпарат жоқ.

Адамдарды таңбалауға бүкіл әлемде тыйым салынған, өйткені бұл дене жазасының бір түрі болып саналады. Бұл туралы 1948 жылы қабылданған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында айтылған.

Адамдарды таңбалаудың және деректерді иесіздендірудің цифрлық сәйкестендіруге ешқандай қатысы жоқ. Қазіргі әлемде бұл термин ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, адамның жеке басын тексеру және растау процесін білдіреді. Мұндай сәйкестендіруге мысал ретінде бет биометриясын немесе саусақ ізін сканерлеуді келтіруге болады.  Сондай-ақ цифрлық сәйкестендіруді QR кодтарын немесе ендірілген электрондық чиптері бар құжаттарды пайдалану арқылы жүзеге асыруға болады. Яғни, деректерді иесіздендіру жүзеге асырылмайды және денеге таңба салынбайды.

Бұған дейін Нюрнберг процесі барысында адамдарға нөмір беруге тыйым салу туралы шешім қабылдағаны туралы ақпаратты украин фактчекерлері жоққа шығарған болатын. 

Демек, Қазнетте тараған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button