Фейк: «Көмірқышқыл газының артық бөлінуі планетаға зиян келтірмейді»
Әлеуметтік желілерде физика профессоры Уильям Хэппер СО2-ні азайтудың қажеті жоқ деп айтқан видеосы талқылануда. Оның сөзінше, көмірқышқыл газының артық болуы планетаға ешқандай қауіп төндірмейді. Бұл рас па? Анықтайық.
Бейнежазбада Принстон университетінің физика профессоры Уильям Хэппер 2023 жылдың қыркүйегінде Sky News Australia жаңалықтар арнасында сөйлеген сөзінен үзінді ұсынылған. Ол журналистермен климаттың өзгеруін талқылай келе, «атмосферадағы СО2-ны азайту әрекеті ойға қонымсыз» деген пікірін жеткізеді.
Хэппер климат туралы жалпы қабылданған ғылымды жоққа шығарады. Ол Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болды. АҚШ-тың бұрынғы президенті климаттың өзгеруін қытай мистификациясы және өтірік деп атағаны белгілі.
Хэппердің пікірінше, көмірқышқыл газының көбеюі Жер үшін пайдалы. Ол СО2-ге жасалған шабуылдар «еврейлерді қудалау, кеңестік таптық жауларды жою немесе ДАИШ-тің опасыздарды өлтіруі сияқты» деп жазды.
Джорджия технологиялық институтының климаттанушы ғалымы Ким Кобб «Хэппердің климаттың өзгеруі туралы жалған ғылыми емес түсініктері америкалықтар үшін қауіпті» деп санайды.
Үкімет ғалымдары, әскери басшылар және барлау сарапшылары енген АҚШ-тың зерттеу топтары шамамен 10 жылдан бері климаттың өзгеруі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп ескертуде. АҚШ Үкіметінің 2018 жылғы ауқымды есебінде жаһандық жылынудың түбегейлі салдары егжей-тегжейлі сипатталған.
Дүние жүзіндегі ғалымдар атмосферадағы CO2 мөлшері артып келеді, яғни Жердегі температура көтеріле бастайды деп алаңдауда. Бұл соңғы 10 мың жылда байқалмаған жылдамдықпен жүреді. Табиғи апаттар, соның ішінде құрғақшылық пен өрт, мұздықтардың еруі, өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуы жиілеп кетті.
Көбісі көмірқышқыл газының мөлшерін арттыруды қолдайды, өйткені ол кейбір дақылдардың өсуіне жақсы әсер етеді. Бірақ СО2 олардың тағамдық құндылығын төмендетеді. Сарапшылардың пікірінше, әлемге тиер жағымсыз әсері қандай да болмасын артықшылықтардан артық.
Уильям Хэппердің ғалым әріптестері оның мәлімдемелеріне күмәнмен қарайды. Қазіргі уақытта СО2 концентрациясының жоғарылауының планетамызға тигізер зияны көп. Демек, америкалық физиктің көмірқышқыл газының көбеюі әлемге қауіп төндірмейді деген теориясы қате.