Жалған: «Құбырдағы суға антибиотиктер мен гормондар қосады»

Қазнетте Тұтынушылардың құқықтары мен адам әл-ауқатын қорғау саласындағы қадағалау жөніндегі федералды қызметтің басшысы (Роспотребнадзор) Анна Попованың видеосынан үзінді тарады. Оны көрген пайдаланушылар ауыз суға гормондар мен антибиотиктер қосады деген қорытындыға келді. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес жасалады екен. Попова мұндай мәлімдеме жасады ма? Судың қауіпті заттармен қасақана ластануы туралы алаңдауға негіз бар ма? Анықтайық.
Роспотребнадзор жетекшісі Анна Попованың сұхбаты 2021 жылы НТВ-дан көрсетілген. Оның айтуынша, ведомство судың жаңа стандарттарын, соның ішінде гормондар мен антибиотиктердің максималды рұқсат етілген құрамын анықтайтын регламент енгізген. Әңгіме барысында Попова Роспотребнадзор немесе басқа мемлекеттік құрылымдар бұл заттар суға қосылатынын айтқан жоқ.
Бірақ оның сөздері дұрыс түсіндірілмеген. Сұхбат шыққаннан кейін көп ұзамай ағын суға гормондар мен антибиотиктер қосатыны туралы жалған ақпарат тарай бастады. Оны тіпті, ресейлік жұлдыздар, соның ішінде тележүргізуші Ирена Понарошку да таратты.
Фейк тарала бастағаннан кейін Роспотребнадзор бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство қызметкерлері жаңа нормативтерді енгізу тек судағы антибиотиктер мен гормондардың құрамын бақылау үшін қажет екенін айтты. Бұрын Ресейде мұндай норма болған емес.
«Антибиотиктердің немесе гормондардың құрамына қатаң талаптар қойылғаннан кейін қадағалау органдарында бақылау құралы пайда болды. Егер заттардың белгілі бір тізімі бойынша асып кетсе, адамдарға су беретіндер жазаланады», – делінген хабарламада.
Судағы антибиотиктер мен гормондардың мөлшері мәселесі қазіргі заманда өзекті.
Бұл заттар су қоймаларына антибиотиктер ішкен адамдардың бөлністері, сондай-ақ ірі фармацевтикалық компаниялар мен медициналық мекемелерде медициналық қалдықтарды дұрыс тастамау арқылы енеді.
2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Ауыз судағы дәрі-дәрмектер» есебін жариялады. Онда әртүрлі препараттардың сумен жабдықтау жүйелеріне ену механизмдері сипатталған. Сондай-ақ, құжатта ауыз суда дәрі-дәрмектің болуы адамдардың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал екендігі баса айтылған. ДДҰ мамандары суды осындай қоспалардан тазартуды және ағын суындағы дәрі-дәрмектердің деңгейін үнемі бақылауды ұсынады.
Құбыр суға антибиотиктер мен гормондарды әдейі қосатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Роспотребнадзор басшысы Анна Попова сұхбатында осы заттарды суға қасақана қосу емес, олардың судағы рұқсат етілген максималды мөлшерін реттейтін жаңа ережелер талқыланды.