Конспирология

Фейк: «Жер үстінде су болғандықтан аспан көгілдір»

Қазақстандық Telegram-каналдардың бірінде аспанның неге көгілдір болатыны түсіндірілген видео жарияланды. Роликте жазық Жер суда орналасқан және үстінен күмбезбен қорғалған делінген. Жер үстінде су болғандықтан аспан көк түсті болады. Күмбездің бар екендігі SpaceX Falcon 9 зымыраны ұшырылғанда расталған екен – зымыран оған соғылып, жарылып, оның бойымен жүріп өтеді, содан кейін ашық көк жарық пайда болады.

Күмбездің астындағы тегіс Жер туралы гипотеза – кеңінен таралған миф. Ал Falcon 9 зымыранын ғарышқа ұшыру оның бар екенін дәлелдемейді. Түстер қайдан пайда болатынын және зымыран ұшқанда не болатынын түсіндіріп өтейік.

Адамның көзіне көрінетін түстердің барлығы кемпірқосақ түстерінен тұратын күн сәулесінің әсерінен пайда болады. Жарық Жер атмосферасына жеткенде барлық бөлшектер мен газдардан, мысалы, су тамшыларынан немесе мұз кристалдарынан тарайды. Осыдан кейін жарық, ұзын қызыл толқындардан қысқа толқындарға дейін – көк және күлгін түсті толқындарға бөлінеді.

Көк толқындар ең қысқа және басқаларына қарағанда кішірек болғандықтан, көгілдір жарық көбірек таралады. Яғни, көк түс көзге жиі түседі. Ал аспан көк немесе көгілдір болып көрінеді.

Мұхиттың түсі де күн сәулесіне байланысты. Бірақ судың көк түсті болуының себебі басқа. Су молекулалары жарық толқындарын сіңіреді, ал қызыл, сары немесе жасыл түстер тез сіңеді. Нәтижесінде мұхиттарды немесе суды тереңдікте «бояйтын» көк және күлгін толқындар қалады.

Ал видеода көрсетілген Falcon 9 зымыранының ашық көк ізі күн сәулесімен және толқындардың таралуымен байланысты. Басынан бастап айтайық.

Америкалық SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны ішінара қайта пайдалануға болатын зымыран болып табылады. Видеода оны 2017 жылдың 7 қазанында Ванденберг әуе күштері базасынан ұшыру сәті көрсетілген. Зымыранның ізі шынымен ашық көк немесе көгілдір түсті болған, бірақ бұл зымыран күмбезге соғылып, жарылғандықтан емес.

Зымыран ауаға көтерілгенде, конденсаттың (ылғалдың) ізі қалады. Ал биіктікте, кешкі уақытта да күн сәулесі атмосфераға жетеді. Сәулелер су тамшылары арқылы таралады және әртүрлі ұзындықтар мен түстердегі толқындар пайда болады. Бұл жағдайда видеода із көк болып көрінді, бірақ іс жүзінде мұндай конденсат кез келген түске боялуы мүмкін. Мұның бәрі күннің орналасуына және жарықтың қандай бұрышта сынатынына байланысты.

Демек, Falcon 9 зымыранын ұшыру туралы видео күмбездің бар екенін дәлелдемейді. Зымыран күмбезге соғылып, жарылып кеткен жоқ, ашық көк түс конденсат пен күн сәулесінің әсерінен пайда болған. Жазық жер туралы қастандық теориялары – ғылымға қарсы. Аспан мен судың көк немесе көгілдір түстері табиғи процеске – күн сәулесінің газдармен және ауа бөлшектерімен таралуына байланысты.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button