Жаңалықтар

Франциядағы фейкпен күрес: оқыту және жазалау

Түрлі елдерде жалған ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған. Мысалы, Францияда Ақпаратты манипуляциялау туралы заң қабылданды. Осы елдегі фейк жаңалықтармен күрес туралы StopFake.kz баяндайды.

 

Балаларды фактчекингке үйрету

Францяда балалар теріс ақпаратты ажыратуды мектеп қабырғасында үйренеді. Медиа және ақпараттық білім беру орталығы (Clemi) жыл сайын мектеп оқушыларына арналған баспасөз және БАҚ апталығын өткізеді. Шара барысында олар медиа жүйемен, жаңалықтармен танысады, сондай-ақ сыни ойлау қабілеттілігін қалыптастырады. Іс-шаралар жергілікті газет, телеарналардың немесе радиостанциялардың редакцияларымен бірлесіп ұйымдастырылады. Миллиондаған оқушы, колледж студенті және жоғары сынып оқушылары ақпаратты тексеруді, дереккөздерді анықтауды және талдауды үйренеді.

Сонымен қатар, Францияның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында фейк жаңалықтарды анықтаумен айналысатын бөлімдер жұмыс істейді. Кейбір жаңалықтар агенттіктері жалған ақпаратты тануға арналған құралдар ойлап тапты. Le Monde газетінің журналистері жасөспірімдерге жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажыратуды үйретеді.

 

Заңдар мен жазалар

2018 жылы қараша айында Франция сайлау алдындағы кезеңде фейк жаңалықтардың таралуына қарсы заң қабылдады, құжат әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды бақылауды күшейтеді. Оған сәйкес, сайлауға тіркелген кандидат, партия немесе азаматтар қауымдастығы сот арқылы әлеуметтік желілерден немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған деп санайтын мәліметтерді алып тастауды талап ете алады. Сот шағымды 48 сағаттың ішінде қарауға тиіс, ал айтылған дерек расталған жағдайда «жалған ақпараттың таралуын тоқтатады». Сонымен қатар, заң бойынша әлеуметтік желілер, атап айтқанда Facebook және Twitter, пайдаланушыларға ақысы төленген саяси жарияланымдар туралы хабарлауға міндетті.

«Баспасөз бостандығы туралы» заңымен де шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратуға тыйым салынған. Құжатта (27-бап) теріс пиғылды жарияланымдар, жалған, ойдан шығарылған және қолдан жасалған хабарламаларды кез келген жолмен тарату немесе шығару, сол сияқты үшінші тұлғалардың атына жалған жазылған, қоғамдық тыныштықтың бұзылуын тудырған немесе осындай нәтижеге әкеп соқтыруы мүмкін хабарламалар үшін 45 мың еуро айыппұл салу жазасы қарастырылған.

Егер теріс пиғылды жарияланым, оны тарату немесе шығару әскердің тәртібіне немесе моральдық рухына нұқсан келтірсе немесе ұлттық соғыс әрекеттеріне кедергі келтірсе, айыппұл 135 000 еуроға дейін артады. Сондай-ақ, 32 және 33-баптарда жала жапқаны және қорлағаны үшін жазалау шаралары белгіленген. Көпшілік алдында жария етілмеген жала үшін 12 000 еуроға дейін айыппұл салынады. Адамға немесе адамдар тобына олардың шығу тегіне, нәсіліне, жынысына, дініне байланысты жала жапқаны үшін 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 45 000 евроға дейін айыппұл салу көзделген.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close