Медициналық фейктер

Фейк: «Көкөніс шырыны қатерлі ісік ауруын бір айда емдейді»

Қазнет қолданушылары қатерлі ісік ауруын емдеудің «сенсациялық рецептісімен» бөлісуде. Бұл ауруды балдыркөк, ақжелкен, кинза және басқа да шөптерден жасалған көкөніс шырынымен емдеуге болады екен. Бұл рас па? Тексерейік.

Қатерлі ісіктен айығудың жылдам әдісі туралы айтылған видеода Джуда Мұхаммед Авад есімді дәрігер бір рецептімен бөліседі. Дәрігерді есімі бойынша Желіден іздеу нәтижесінде Facebook-тегі парақша ғана табылды. Ол 2021 жылдың шілдесінде ашылған, онда созылмалы ауырсынудан құтылу, сүйектердің сынуын болдырмау және нақты ауруларды емдеу туралы кеңестері бар бес ұқсас видео шыққан. Парақшада доктор Авадтың қайда оқығаны, қай жерде жұмыс істейтіні және мамандығы қандай екендігі туралы ақпарат жоқ.
Желіде пациенттерді қабылдайтын осындай дәрігер туралы да ақпарат жоқ. Доктор Авад жазған ғылыми еңбектер де табылмады.
Қатерлі ісікті балдыркөк пен көктің шырынымен емдеуге келетін болсақ, интернеттегі дәрігер ғылыми зерттеулерге, эксперименттерге немесе дәлелді медицина саласында жұмыс істейтін басқа бір дәрігерлерге сүйенбейді.
Алайда АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының порталында балдыркөкті обыр жасушаларының кейбір түрлерінің пайда болуына қарсы қолдану туралы бірқатар еңбек бар.
Сипатталған эксперименттердің барлығы жануарларда немесе жасуша желілерінде жүргізілген. Қатерлі ісікке шалдыққан адамдарда балдыркөк шырыны бойынша ауқымды клиникалық зерттеулер жүргізілмеген. Яғни, балдыркөк шырыны бір айда қатерлі ісік ауруын емдец алатынына сенімді ғылыми дәлелдер жоқ.
Жалпы, маманның білім деңгейін, оның қаншалықты сауатты екенін білмей, қатерлі ісік сияқты қауіпті ауруды интернеттегі дәрігерге сеніп, емдеген дұрыс емес. Онкологиялық ауруларды дәлелді медицина әдістерін ұстанатын мамандарға барып емдеген жөн.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button