Фейк: «Егілген ер адамдарда жыныс жасушалары коронавирустық спайк ақуызымен алмастырылады»
Әлеуметтік желілерде COVID-19-ға қарсы егілген ер адамдар ұрықтандыру қабілетінен айырылады деген ақпарат тарады. Бұл олардың жыныстық жасушалары SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызымен толығымен алмастырылатындықтан болады екен. Бұл рас па? Тексерейік.
Бұл ақпараттың көзі – зейнеткер дәрігер Арне Буркхардт. Зейнеткерлік демалысқа кеткенге дейін ол патологоанатом болған. Пандемия басталғалы COVID-19 алдын алу шараларына, кейіннен вакцинацияға қарсы мәлімдемелер жасай бастады. Оның сөздері Германия мен Грекияда жалған деп танылды.
Буркхардттың егілген ер адамдар бедеулікке ұшырайды деген мәлімдемесі оның сөзімен ғана расталады. Оның айтуынша, ол зерттеу жүргізіп, биоматериал үлгілерін қараған, нәтижесінде қорқынышты заңдылықты анықтаған. Алайда, ол ізденістерінің қорытындыларын жазбаша түрде ұсынбаған. Яғни, Буркхардттың неше еріктімен жұмыс істегенін, биоматериалды қалай жинап, сақтағанын, қандай әдіспен зерттеу жүргізгенін тексеру мүмкін емес. Демек, эксперимент ғылыми зерттеу болмаған, өйткені оның критерийлеріне сәйкес келмейді және оны жаңғырту мүмкін емес.
Әртүрлі елдердің ғалымдары да COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған ерлердің жыныс жасушаларының сапасы мен санын талдады. Олар кәдімгі жыныс жасушаларының орнында масақ тәрізді ақуыздарды таппады. 2022 жылы Генуя университетінің ғалымдар тобы 101 ер адамнан вакцинацияға дейін және одан кейін алынған биоматериалдарды зерттеген. Жыныс жасушаларының сапасы мен санын салыстырмалы талдау барысында үлгілер арасында айтарлықтай айырмашылық анықталған жоқ.
Сол жылы израильдік ғалымдар «Хадасса» медициналық орталығының ЭКО-бөлімшесінің пациенттері қатысқан зерттеу жүргізді. Бұл ретте бұрын COVID-19 ауырған және вакцинацияның толық курсын аяқтамаған ер адамдар қорытынды іріктемеге енгізілмеген. Қалғандарында тұқымдық сұйықтық үлгілері екі рет – вакцинацияға дейін және егудің толық курсынан кейін зерттелді. Нәтижелер биоматериал сапасында айтарлықтай өзгерістер болмағанын көрсетті.
Демек, дәлелді медицинада егілген ер адамдар ұрықтандыру қабілетін жоғалтпайтынына сенімді дәлелдер бар. Олай болса, Арне Буркхардттың пайымы негізсіз.