Фейк: «Адамның» жеті коронавирусының ешқайсысы анықталмаған»
Қазнетте адамға жұғатын жеті коронавирустың бірде-біреуі тіркелмегені туралы фейк кеңінен тарады. Хабарлама авторының айтуынша, бұл вирустардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, олар ешқандай ауру туғыза алмайды, ал ПТР тестілеуі адамның РНҚ ғана анықтайды. Мұның бәрі – жалған.
Коронавирустың барлық 43 түрі, оның ішінде адам жұқтыруы мүмкін жетеуі зертханаларда анықталған. Олардың ерекшеліктері, айырмашылықтары және тудыруы мүмкін аурулар анықталды.
Алғашқы коронавирус 1931 жылы Америкада табылды. Ол кезде ветеринарлар балапандарда тіркелген жаңа тыныс алу жолдары ауруын сипаттаған. Орыс тілді әдебиетте ол «тауықтың жұқпалы бронхиті» деген атпен танымал болды. Қазір бұл ауруды тудыратын штамм ACoV-Avian coronavirus ретінде белгілі. Сол сәттен бастап коронавирустың жаңа штамдары ашылып отырды. Бұл бүкіл топты және мутация механизмдерін зерттеуге мүмкіндік берді.
1960 жылдардың ортасында алғашқы «адами» коронавирус – HCoV-229E шығарылды. Бұл штаммды жұқтырғанда, ауру ЖРВИ түрінде де, аурудың ауыр түрінде де, соның ішінде пневмония мен бронхиолитпен де бірге болуы мүмкін.
Бірнеше жылдан кейін, 1967 жылы коронавирустың тағы бір түрі — HCoV-OC43 анықталды. Оны жұқтыру жағдайлары бірнеше елде тіркелді.
Hcov-NL63 штаммы 2004 жылы Нидерландыда анықталды. Ол бронхиолитпен ауырған жеті айлық баланың биоматериалының үлгілерінен табылды.
2004 жылдың қаңтарында HCoV-HKU1 табылды. Бірінші ауырған адам қытайлық 71 жастағы ер адам болды. Ол инфекцияны жеңе алды, ем қабылдағаннан кейін үйіне аман-есен оралды. Вирустың осы штаммынан болған өлім туралы деректер желіде жоқ, бірақ 2005 жылы Францияда инфекцияны жұқтырудың бес жағдайы тіркелгені белгілі.
Алғаш рет 2002 жылы анықталған қауіпті SARS-CoV штаммы жедел респираторлық синдром тудырады. Коронавирустың бұл түрі де Қытайда табылды. Екі айдың ішінде ауру Вьетнам мен Гонконгқа таралды. Бүгінгі таңда бұл штаммды жұқтыру жағдайлары 29 елде тіркелді. 8098 адамның 774-і қайтыс болды.
Ал 2012 жылы MERS-CoV коронавирусының штаммы таяу шығыс респираторлық синдромының өршуіне себеп болды. ДДСҰ сайтының хабарлауынша, бұл ауру алғаш рет Сауд Арабиясында анықталған. Оған тән белгілер – қызудың көтерілуі, жөтел және ентігу. Пневмония және диарея сирек болады. 2015 жылы жазда ауру 23 елге таралды. Бүгінгі таңда түрлі мәліметтер бойынша, вирустың бұл штаммы 862-ден 912-ге дейін адамның өмірін қиды, барлығы 2494-тен 2506 дейін адам жұқтырған. Бұл аурумен ауыру жағдайлары әлем бойынша әлі де тіркелуде.
2019 жылдың аяғында әлемді дүр сілкіндірген пандемияға SARS-CoV-2 коронавирусының штаммы себеп болды. Оның геномы толығымен анықталып, 2020 жылдың 26 қаңтарында ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі еуропалық орталық сайтында жарияланды. Вирус РНҚ Ухань пневмониясымен ауырған науқастардан алынған нуклеин қышқылының үлгілерінен табылды.
Хабарламада «күмән» келтірілген ПТР тестілеу әдісі іс жүзінде вирустарды анықтауда ең тиімді болып саналады.
ПТР – полимеразды тізбекті реакция. Бұл биоматериалда ауру қоздырғыштарының ДНҚ немесе РНҚ фрагменттерін анықтауға негізделген жұқпалы ауруларды зертханалық диагностикалау әдісі. Полимеразды тізбекті реакция әдісінің принципін 1983 жылы Кэри Мюллис әзірлеген. 1993 жылы ол осы жаңалығы үшін химия саласындағы Нобель сыйлығын алды. Егер бұл сынақтар тек адамның РНҚ-ны анықтаса, онда оларды қолдану толығымен мағынасыз болар еді, ал әдістің өзі мұндай жоғары марапатқа ие болмас еді.
COVID-19 кезінде талдау SARS-CoV-2 коронавирус штаммының РНҚ фрагменттерінің болуын анықтайды. Бұл штаммды анықтауға арналған ПТР сынақтарының әртүрлі түрі әзірленіп, Қытай, Жапония, Таиланд, АҚШ, Франция және Германия елдерінде кеңінен қолданылады. Нақты уақыттағы кері транскрипциясы бар полимеразды тізбекті реакция ауруларды бақылау орталығында әзірлеген және осы уақытқа дейін қолданып келеді.
Демек, коронавирустың бірде-бір штаммы анықталмаған, олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ және олар ешқандай ауру тудырмайды деген пікір – зертханалық расталған мәліметтерге қайшы келеді. ПТР тестілеудің вирустардың РНҚ анықтай алмайтындығы туралы хабарламалар да негізсіз.