Фейк: «Графен мутанты видеоға түсірілген»
Әлеуметтік желілерде теңіз шаянын ұстап алмақ болған біртүрлі қара сықырлаған тіршілік иесінің видеосы тарады. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл графен мутанты болуы мүмкін.
Видеода қара түсті түсініксіз нәрсе көрсетілгені рас. Алайда, бұл графен мутанты емес, әлемдегі ең үлкен моллюск аплизия (aplysia vaccaria). Оларды көлемінің үлкен болуына байланысты қара теңіз қояндары немесе Калифорния қояндары деп те атайды, өйткені олар Калифорния шығанағында ғана мекендейді.
Қара аплизиялар өте үлкен болуы мүмкін. Ең ірі қара қоянның ұзындығы – 99 сантиметр. Бұл тіршілік иелері қауіпті емес, өйткені олар тек балдырлармен ғана қоректенеді. Олар қоңыр балдырлардың әсерінен қара түсті болады.
Графеннің құрамындағы көміртегі – ең көп таралған элементтердің бірі, соның ішінде тірі ағзалар арасында. Ал қара аплизияның графенге ешқандай қатысы жоқ.
Графен – бұл алтыбұрышты кристалдық торда орналасқан көміртек атомдарының бір қабаты. Графен «ғажайып материал» болып саналады, өйткені оның пайдалы қасиеттері көп. Мысалы, бұл бір атомның қалыңдығы бар ең жұқа материал, ол өте берік. Сондай-ақ графен жылу мен электр тогын жақсы өткізеді және жарықты сіңіре алады.
Бұл материал батареялар, компьютерлік чиптер, суперконденсаторлар, су фильтрлерін, антенналар, сенсорлық экрандар, коррозияға қарсы бояулар өндіруде қолданылады.
Ерекше қасиеттеріне байланысты графен материалы медицинада да пайдаланылады. Мысалы, вирустар тасымалдайтын су мен шаңның ұсақ бөлшектерін тойтаратын маскаларда фильтр қызметін атқарады. Немесе адам ағзасындағы обыр жасушалары мен токсиндерді анықтай алатын графен негізіндегі биосенсорларды жасау үшін қажет.
Демек, графен әртүрлі салаларда әртүрлі технологияларда қолданылады. Алайда графен мутантын жасау туралы ешқандай ақпарат та, міндетті патент те жоқ.
Сонымен қатар, графенді алу оңай емес. Ол механикалық әсер ету немесе химиялық әдістер арқылы графиттен жасалады. Яғни, оны өндіреді. Ол тірі ағзаларда, соның ішінде видеода көрсетілген моллюскте болмайды.
Бұған дейін біз витаминдерде, COVID-19 және АПВ қарсы вакциналарда, бөтелкедегі суда және кока-колада графен болатыны туралы фейктерді жоққа шығарған болатынбыз.