Фейк: «Терісі қызарған баланың суреті вакциналардың геноцид екенін дәлелдейді»
Қазақстандықтар вакцинациядан кейін 24 сағат өткен соң түсірілген сәбидің суретін талқылауда. Баланың арқасына қызыл қабыршақты бөртпе шыққан. Кейбір адамдардың пікірінше, бұл вакцинацияға мұндай реакцияның болуы бізді дәрі-дәрмекпен баяу өлтіріп жатқандарының дәлелі. Әрине, бұл олай емес.
Біріншіден, нәрестенің суреті ескі. Оны 2018 жылғы жарияланымдардан көруге болады. Демек, бұл фотосуреттің COVID-19 вакцинациясына ешқандай қатысы жоқ.
Екіншіден, суретті қайта іздеген жағдайда, баладағы бөртпенің есекжем немесе аллергиялық реакция екенін анықтадық. Бұл нәрестелер арасында болып тұратын құбылыс және оның бірнеше себебі бар: емізетін ананың тамақ рационының өзгеруі, ультракүлгін сәулелер, тұрмыстық химия және баланың нәзік терісіне жарамсыз гигиена құралдары, кейбір дәрі-дәрмек түрі, инфекциялар мен аурулар.
Үшіншіден, фотосуреттегі балаға қашан, қайда және қандай вакцинаның жасалғаны белгісіз. Нәресте суретке түскенге дейін мүлдем екпе жасатпаған шығар. Сондай-ақ, фотосуретте көрсетілген бөртпе қандай да бір медициналық препараттың жанама әсері екенін растайтын сенімді ақпарат жоқ.
Қорыта айтқанда, суретте нәрестеге шыққан бөртпе анық көрсетілсе де, оның пайда болу себептері туралы ақпарат жоқ, сондай-ақ вакцинацияның әлемдік Үкімет тарапынан жасалып отырған геноцид екенін дәлелдемейді.