Конспирология

Фейк: «Австралия қалаларында ұшақтар вакциналар шашады»

Қазақстандықтар танымал Telegram-арналарда таратқан ақпаратқа сәйкес, Австралия үкіметі елді мекендерде ұшақтан гендік-модификацияланған вакциналар шашу бастамасын қолдаған. Бұл ретте адамдардың келісімін ешкім сұрамаған. Мұның бәрі өтірік.

Ұшақтар қалалар мен ауылдарда қауіпті химиялық заттар шашу теориясы химтрейлдер теориясы деп аталады. Ол мүлдем дәлелсіз және ойға қонымсыз, дегенмен бұл теория конспирологтар арасында кеңінен танымал. Оның үстіне жылдан-жылға теорияға жаңа ақпараттар қосылуда. Мысалы, 1990 жылдары бұл идеяны жақтаушылар ұшақтар ауа райын өзгертетін заттарды шашады деп мәлімдесе, пандемиядан кейін ұшақтар адамдарды улайды, олардың ақыл-ойы мен ерік-жігерін басқарады, тіпті оларға гельминттер жұқтырады деген пікірлер айтылып жүр.

2022 жылдың маусымында конспирологтар ұшақтар вакциналар да шаша алады дегенді ойлап тапты. Оның ішінде, австралиялық PaxVax компаниясы әзірлеген тырысқақтың алдын алуға арналған препаратты. 

Мұндай компания бар, 2014 жылы оған тырысқаққа қарсы гендік-модификацияланған вакцинасын адамда сынауға рұқсат берілген. Алайда, біріншіден, бұл сынақтар экспериментке қатысуға ақпараттандырылған келісім берген еріктілерде өтті. Екіншіден, препаратты ұшақтан шашпаған, ол сусын түрінде берілген.

Вакцинаның гендік модификациясы құрамына тырысқақ тудыратын тірі Vibrio cholerae бактериясын енгізуге негізделген. Гендік инженерияның көмегімен ол көбейе алмайтындай, яғни тірі ағзаға енгеннен кейін ауру қоздыра алмайтындай етіп өзгертілді.

Айта кетейік, PaxVax компаниясы адамдарда сынауға рұқсат алмас бұрын, ол препараттың қауіпсіздігі туралы алдын ала деректерді алу үшін препаратты зертханада және жануарларда тексерген.

Қорыта айтқанда, Австралияда ұшақтардан вакцина шашу бастамасы қолдау таппаған. Тырысқақтың алдын алуға арналған препарат аэрозоль емес, сусын түрінде беріледі және оны тек ерікті ақпараттандырылған келісім беру арқылы ғана алуға болады.

Демек, таралған ақпарат – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button