Fake News

Фейк: «Ұлыбритания кеңестік білім беру жүйесіне көшуді аяқтады»

Қазақстандықтар Instagram-да Ұлыбританияда кеңестік білім беру жүйесіне көшу аяқталды деп жазуда. Министр Джастина Грининг осындай мәлімдеме жасаған екен.  Бұл ескі фейк.

Бұл ақпараттың көзі – «Панорама» сатиралық ақпарат агенттігі. Ол бұл «жаңалықты» 2018 жылдың қыркүйегінде жариялаған. Агенттік сатиралық және нақты оқиғалар туралы жылына бір рет – 1 сәуірде ғана жазатындықтан, Ұлыбританияда КСРО-ның білім беру жүйесін енгізу туралы ақпаратты шын деп санамаған жөн.

Сондай-ақ, қазіргі кезде мұндай жаңалық адам сенгісіз болып көрінеді. Джастина Грининг 2018 жылы Ұлыбританияның білім министрі қызметінен кеткен. Одан кейін 2019 жылға дейін Дамиан Хиндс, 2021 жылға дейін Гэвин Уильямсон, 2022 жылға дейін Надхим Захави, 2022 жылы Мишель Донелан, сол жылы Джеймс Клеверли министр болды, ал қазір бұл қызметті Джиллиан Киган атқаруда. 

Олардың ешқайсысы кеңестік білім беру жүйесіне көшу туралы мәлімдемеген.

Британдық білім беру жүйесі КСРО-да қабылданғаннан барлық жағынан ерекшеленеді. Біріншіден, британдық білім бес кезеңге бөлінеді: ерте жастан, бастауыш, орта, кейінгі және жоғары. Балалар үш жастан бастап оқиды. Олар 38 апта ішінде 15 сағат тегін күтім мен тәрбие алуға тиіс.

Төрт жастан жеті жасқа дейін британдық балаларға білім беруде қарапайым мысалдар мен міндеттерді шешуге, сонымен қатар қоршаған орта туралы жай ғылыми ұғымдармен жұмыс істеу, оқу, жазу, қарым-қатынас жасау қабілетіне баса назар аударылады. 11 жасқа қарай талаптар артады, балалар тек жаза біліп қана қоймай, тыныс белгілерін жіберіп алмай, сауатты орындауы керек. Сондай-ақ математика, ғылым, әдебиет және басқа да пәндер бойынша білімге жоғары талаптар қойылады.

12 жастан бастап мектептерде дизайн және технология, азаматтық құқық және бағдарламалау сияқты пәндер міндетті болып саналады, олар кеңестік білім беру жүйесінде болмаған. Сонымен қатар осы жаста балалар жыныстық және денсаулық сақтау сабақтарына қатыса алады, діни білім де ала алады. Егер белгілі бір оқушының ата-анасы қарсы болса, онда бала 14 жасқа толғанша аталған сабақтардан босатылады.

Кеңес Одағында олай болмағаны анық.

Демек, Ұлыбритания кеңестік білім беру жүйесіне көшкен жоқ. Мұның бәрі сатиралық ақпарат агенттігінің ақпаратына негізделген ескі фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button