Фейк: «Red Bull автомобиль әйнектерін сындыра алады»
Әлеуметтік желілерде ерекше эксперименттің видеосы тарады. Кадрларда ер адам RedBull энергетикалық сусынын көліктің артқы терезесіне төккенде, ол сынып кеткен. Энергетиктің бұған шамасы жете ме? Тексерейік.
Желіде жылдам іздеу арқылы автокөлік әйнегін энергетикалық сусын төгу арқылы сындыруға болады деген мифтің 2021 жылдан бері бар екені анықталды. Бастапқыда пайдаланушылар оны әйнекке жай емес, қағаз сүлгі арқылы төгу керек деп айтқан.
Бұл тәжірибені көп адам қайталап, нәтижесінде әйнектің сынбайтынына көз жеткізген. Мысалы, ChrisFix автокөліктерін жөндеуге арналған аккаунт иесі мұны айқын дәлелдеген.
Auto Delovi Injija босниялық көлік әуесқойларының YouTube каналында энергетикпен жүргізілген эксперимент бойынша екі видео бар. Олардың бірінде көліктің артқы терезесіне екі түрлі энергетикалық сусын құйылады, бірақ ештеңе болмайды. Екінші видеода алдымен RedBull-ды бүтін әйнекке құяды, ешқандай өзгеріс болмайды. Осыдан кейін әйнекті электр құралының көмегімен тесіп, энергетик құяды. Сонда әйнек жарылып кетеді.
Мұның бәрін физикамен түсіндіруге болады. Көліктердің бүйір және артқы терезелері шыңдалған. Олар қатты соққылар мен температураның өзгеруіне төтеп бере алады. Мұндай әйнекті балғамен ұрып та сындыру оңай емес. Ортасынан емес, шеттерінен соқса ғана, әйнек сынуы мүмкін.
Шыңдалған әйнекті энергетик құйып, сындыру мүмкін емес. Шыны қыздырылып, энергетик суық болса да, ештеңе болмайды. Егер әйнекте жарықшақ болса немесе видеодағыдай оны әдейі тессе, бәрі басқаша болады. RedBull да, басқа газдалған сусындар да құрамында көмірқышқыл газының мөлшері көп болады. Ол жарықшақты кеңейтіп, жаңаларының пайда болуына сеп болады.
Демек, энергетикалық сусынның әсерінен автомобиль әйнектері сынған видеолар жалған. Мұндай жағдай орын алуы үшін әйнекте жарықшақ немесе тесік болуы керек. RedBull да, басқа сусын да бүтін әйнекті сындыра алмайды.