Fake News

Дәлелсіз: «COVID-19 қарсы вакциналардан бүкіл әлемде 13 миллион адам көз жұмды»

Әлеуметтік желілерде COVID-19 қарсы вакциналардан 13 миллион адам қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бұл туралы бұрынғы физика профессоры Дэвид Ранкур хабарлаған. Мұндай мәлімдемеге негіз бар ма? Анықтайық.

Дэвид Ранкур – Оттава университетінің бұрынғы физика профессоры. Ол жаһандық жылынуды жоққа шығаруымен танымал, осы тақырыпта баяндамалар да жасаған. Дегенмен, ол әріптестерінің арасында беделді бола алмады, оны ешкім мойындамады.

COVID-19 пандемиясы басталғалы ол енгізілген шектеулер мен санитарлық нормаларды белсенді түрде жоққа шығарды. Ол маска тағу және қол жуу – пайдасыз және ауру жұқтырудан сақтамайды деген идеяны белсенді насихаттады. Бұл олай емес. Сипатталған шаралар ауруға шалдығу ықтималдығын азайтуға септігін тигізеді және бұл ғылыми расталған. Мұның бәрі Ранкурдың мәлімдемелеріне және оның пікірлерінің дұрыстығына күмән келтіреді.

Оның COVID-19 қарсы вакциналардан  әлемде 13 миллион адам қайтыс болды деген теориясы негізсіз. Біріншіден, ілеспе аурулар әсерінен емес, вакцинаға жағымсыз реакциядан қанша адамның көз жұмғаны туралы нақты статистика жоқ. Екіншіден, кейбір елдерде вакцинацияланған адамдар арасындағы өлім-жітім туралы баршаға қол жетімді статистика мүлдем жоқ.

Ашық деректерде Еуропалық Одақ елдерінде вакцинациядан кейін бірден болған өлім туралы статистика бар. Еуропарламенттің сайтында жарияланған ақпаратта былай делінген: «2023 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің деректеріне сәйкес, еуропалық экономикалық аймақта (ЕЭА) тіркелген өліммен аяқталған 11 823 жағдай тіркелген, бұл әсердің артуы мен уақыттың өтуін ескерсек, күтілген өсім».

Ашық мәліметтерге сәйкес, Ұлыбританияда COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін болған 59 өлім тіркелді, вакцинаға реакция 51 жағдайда өлімнің негізгі себебі ретінде көрсетілді. 

Сондай-ақ, 13 миллион – бұл әлем үшін де жоғары көрсеткіш болып табылатынын атап өткен жөн. 2022 жылы барлық елдерде 67.1 миллион өлім тіркелді. Яғни, 13 миллион – бұл әлемдегі бір жылдағы  барлық өлім-жітім жағдайларының бестен бір бөлігі. Егер COVID-19 қарсы вакциналардан көп адамның өлгені рас болса, оны жасыру немесе мұндай тенденцияны байқамау мүмкін болмас еді.

Алайда, COVID-19 қарсы егілгеннен кейін 13 миллион адамның көз жұмғаны туралы ешқандай құжат немесе расталған статистика жоқ.

Демек, таралған ақпарат дәлелсіз және оған сенбеген жөн.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button