Фейк: «Германияда табиғи ірімшік пен йогурт зиянды деп танылды»
Instagram-да Германияда табиғи ірімшік пен йогурт бәрі үшін зиянды деп танылғандығы туралы ақпарат шықты. Бұл шара үкіметтің халық денсаулығын сақтауға деген ұмтылысынан туындаған екен. Бұл рас па? Тексерейік.
Германияда әдеттегі сүт өнімдері зиянды деп танылғаны туралы қауесет Bild порталының 2023 жылғы 14 маусымдағы мақаласына негізделген. Онда балаларды артық салмақтан қорғауға бағытталған Федералды азық-түлік министрі Джем Оздемирдің заң жобасы туралы жазылған. Ол үшін Оздемир және оның партияластары балалар телеарналарында, мектептер мен оқу орындарының жанында қант пен майы жоғары тағамдарды жарнамалауға тыйым салуды ұсынады.
Оздемир жобасында майдың үлесі әр 100 грамм өнімге 17 грамнан асатын өнімдер майлы сүт өнімдері болып саналады делінген. Bild порталындағы мақалада сары май да, табиғи ірімшік те осы стандартқа сәйкес келмейтіні есептеліп, көрсетілді деп жазылған. Сондай-ақ, Оздемир жобасында йогурттардың майлылығының шегі белгіленген, ол 100 грамм өнімге 3,5 грамнан аспауы керек. Яғни, майлылығы 3.5 немесе 3.8 граммдық табиғи йогурттардың жарнамасына да тыйым салынуы мүмкін.
Алайда, Джем Оздемирдің өзі және оның командасы олар ұсынған шаралар әлі соңына дейін пысықталмаған жоба екенін айтуда. Сонымен қатар саясаткер ірімшік пен майлар, әдетте, балалар телеарналарында жарнамаланбайтынын, сондықтан оларды жарнамалауға тыйым салынатынына алаңдамауға болатынын атап өтті.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі заң жобасы болып табылатынын айта кеткен жөн. Оған қарсы пікір білдірушілер де аз емес. Оны қабылдай ма, жоқ па – әлі белгісіз. Олай болса, Германияда ірімшік пен йогурттарды жарнамалауға тыйым салынды деп айтқан дұрыс емес.
Оның үстіне Джем Оздемир де, неміс саясаткерлерінің ешқайсысы да сүт өнімдері барлығына зиянды және оларды жеуге тыйым салынды деп айтқан емес. Демек, әлеуметтік желіде таралған ақпарат жалған және фактілерді бұрмалау болып табылады.