Фейк: «Зондтардың әуесқой суреттері Жердің тегіс екенін дәлелдейді»
Әлеуметтік желілерде бірдей биіктікте – Жерден 30 шақырым қашықтықта түсірілген екі суреттің коллажы тарады. NASA зондтары түсірген бірінші суретте Жер қисық, ал екіншісі әуесқой зондпен түсірілген суретте – көкжиек тегіс. Бұл мүлдем ештеңені дәлелдемейді. Неге екенін түсіндірейік.
Біріншіден, Жердің пішіні шар тәрізді екенін жай көзбен байқау үшін барынша биік жерге – кемінде Жер бетінен 10 км биіктіктен басталатын стратосфераға өте жоғары көтерілу керек, бұл тропиктерді қоспағанда, онда ол Жер бетінен 18 км қашықтықта орналасқан.
Көкжиек сызығының қисықтығын байқау үшін биіктікке көтерілуден басқа, кем дегенде 60 градус болатын кең көру бұрышы қажет. Яғни, жерден 10 км биіктікте жолаушылар лайнерімен ұшып келе жатып, Жердің шар тәрізді пішінін жай көзбен байқау мүмкін емес, өйткені иллюминатордан көру аясы аз.
Стратосфералық зондтар жерден 20-30 км биіктікке көтеріледі. Осы биіктіктен көкжиектің қисықтығын байқау әлдеқайда оңай. Желіде осындай зондтармен түсірілген суреттерді көруге болады. Оларға қарап, Жердің тегіс емес, жалпақ шар – геоид пішіндес екеніне көз жеткізуге болады.
Сондай-ақ, стратосфераға көтеріліп, Жердің тегіс диск тәрізді еместігін өз көзімен көрген адамдар бар. Олардың бәрі бірдей NASA немесе басқа да ірі ғарышты зерттеу ұйымдарының қызметкерлері емес. Стратосфераға биіктіктен секіруден рекорд орнатып, өзін сынамақ болған парашютистер де көтерілген. 2012 жылы неміс парашютисі Феликс Баумгартнер 39 км биіктіктен секірді. Оның видеосы Желіде қолжетімді. Онда да Жердің диск емес, геоид тәрізді екені көрсетілген.
Жазық жер теориясын әр түрлі саланың ғалымдары мен мамандары бірнеше рет жоққа шығарды. Жердің диск емес екенін түсіну үшін Ғарышқа ұшып, үлкен биіктіктен секірудің қажеті жоқ. Мысалы, пішіні шар тәрізді Жердің көлеңкесі түсетін Айға қарасақ та жеткілікті. Сонымен қатар күн мен түннің ауысуы, уақыт белдеулерінің болуы, таңның атысы мен күннің батуы және планетамыздағы басқа да көптеген физикалық құбылыстар Жердің шар тәрізді болуымен түсіндіріледі. 2018 жылы астроном, физика-математика ғылымдарының кандидаты, РҒА Ғарыштық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Олег Угольников «Ғалымдар мифтерге қарсы-6» форумында «Жазық жер теориясын жақтаушылардың» дәлелдерін егжей-тегжейлі жоққа шығарды.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таралған коллаж ештеңені дәлелдемейді. Салыстырылып отырған суреттер бірдей биіктікте және бірдей көру бұрышында түсірілгені расталмайды. Демек, бұл манипулятивті және оқырмандарды шатастырады.