Фейк: «TIME журналы орман өрттерін болжаған»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Time журналының 2021 жылғы санының мұқабасын талқылауда. Онда 2023 жылдың маусымында болатын ірі орман өрттері туралы жазылған екен. Бұл жалған.
TIME журналының 2021 жылғы 26 сәуірдегі санының мұқабасында от бейнеленгені рас. Әлем картасының үстінде жанып тұрған сіріңкелер салынған.
Картаның өзі де сіріңкеден жасалған. Ол үшін 50 мың данасы қолданылған. Картаны суретші Ред Хун Йи журналдың арнайы тапсырысы бойынша дайындаған. Бұл – ықтимал климаттық дағдарыстың белгісі.
Туындының 2023 жылы Қазақстан мен Канадада болған орман өрттеріне ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар журнал шыққан 2021 жылдың сәуіріне қарай әлемде рекордтық жоғары температура тіркелген және мамандар орман өрттерінің болу ықтималдығы жоғары екенін айтқан. Бәрі солай болды. 2021 жылы Еуропада, Африкада және Солтүстік Америкада өрт болды. Ең ірі өрттер Грекия мен АҚШ-та орын алды.
Демек, TIME журналының мұқабасы өртті болжамаған, тек жер-жерде болып жатқан климаттың өзгеруін және оның ықтимал салдарын бейнелеген.