Фейк: «Адамдар азық-түлік тапшылығын тудыру үшін табиғи апаттар ұйымдастырады»
Қазнет қолданушылары табиғи апаттар қолдан жасалады деген теорияны алға тартуда. Олардың барлығын әлемдік азық-түлік тапшылығын тудыру үшін жасырын түрде әлемдік үкімет жасайды екен. Мұның бәрі өтірік.
Бұл теорияның басты дәлелі – соңғы жылдары табиғи апаттардың жиі орын алып отырғандығы. Бұл жер сілкінісі, су тасқыны және басқа да апаттарды адамдар өз қолымен жасайды деп түсіндірілуде.
Шындығында, бұл «түсініктеме» негізсіз және объективті шынайылыққа қайшы келеді. Бүгінгі таңда Жердің кез келген бөлігінде ауқымды табиғи апат тудыра алатын технологиялар жоқ. Планетадағы ауа райы үш факторға байланысты: күн радиациясына, ылғалдылыққа және температураға.
Табиғи апаттардың көбейгені рас. БҰҰ мәліметтері бойынша, қазір табиғи апаттар 50 жыл бұрынғыға қарағанда үш есе жиі орын алады.
Бұған адамдардың іс-әрекеті себеп.
Біріншіден, өнеркәсіп пен мал шаруашылығындағы парниктік газ шығарындылары, автомобильдердің көбеюі және т.б. климаттың антропогендік өзгеруіне әкеледі. Бұл аптап ыстық, дала өрттері немесе су тасқыны кезеңдері сияқты құбылыстарды тудырады.
Екіншіден, ормандар мен жағалаудағы қопаларды шабу да дауыл мен су тасқынының күшінің артуына соқтырады.
Үшіншіден, кейбір қалалар сейсмикалық қауіптілігі жоғары, дауыл немесе су тасқыны болуы ықтимал жерлерде орналасқан. Мұндай қалаларда ерте ме, кеш пе апат болатыны сөзсіз.
Бірқатар әлемдік билік өкілдері жаһандық аштық ұйымдастыруды жоспарлап отыр деген теория – конспирологиялық. Ол расталмайды, ал ұсынылған дәлелдер көбінесе ойға қонымсыз.
Демек, таралған ақпарат фейк деп айтуға болады. Табиғи апаттардың көбеюіне жасырын әлемдік үкіметті басқарып отырған супер машиналар емес, климаттың антропогендік өзгеруі себеп болады.