Алаяқтық

Алаяқтар ҚР ІІМ атынан ақша бопсалауда

Қазнетте бұрынғы зиянды вирустық бағдарлама таратылуда. Ол ұялы телефондарды бұғаттайды. Экранда ҚР ІІМ атынан жазылған мәтіннің суреті шығады. Онда пайдаланушы порнографиялық сайттарға кіріп, заңды бұзғандықтан 45 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуі керек делінген. Әйтпесе, іс материалдары прокуратураға жіберіледі екен. Бұл алаяқтардың ісі.

Халық «ІІМ» бопсалаушы вирусы деп атап кеткен вирус интернеттің қазақстандық сегментінде 2015 жылы пайда болды. Қазақстандық KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге ден қою қызметі мемлекеттік органдардың таратылған хабарламаға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаған болатын.

Алаяқтар компьютерлер мен гаджеттерге зиянды бағдарламалар таратады. Ғаламторға кірген кезде ол жүйенің жұмысына тосқауыл қояды. Бұл вирус типтік Trojan.Winlock модификациясы болып табылады. Ол бұғаттауды ұйымдастыратын операциялық жүйенің штаттық құралдарына негізделген.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары азаматтардың компьютерлері мен ұялы телефондарын бұғаттамайды. ҚР Ішкі істер министрлігінің таралған хабарламаға қатысы жоқ.

Егер сізге осындай хабарлама келіп түссе, төлем жасауға асықпаңыз. Тез арада құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Ал егер төлем жасап қойсаңыз, чекті сақтап қойыңыз. Ол полицияға жүгінген кезде қажет болады.

Интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін күдікті сайттарға кірмеңіздер, күмәнді жарнамалық баннерлерді немесе қалқымалы терезелерді баспаңыздар. Белгісіз әзірлеушілердің бағдарламаларын іске қоспаңыз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button