Алаяқтар қазақстандықтарға тегін интернет-трафик ұсынып, алдауда
WhatsApp-та Рамазан айына орай 50 Гб тегін интернет-трафик алуға болатын сайтқа сілтеме тарады. Бұл алаяқтық.
Тегін интернет-трафик туралы ақпарат күдікті болып көрінеді. Онда тегін интернет-трафикті кім ұсынатыны және оны қай елдердің тұрғындары ала алатындығы жазылмаған.
Сілтемені басқан кезде пайдаланушылар сауалнама ұсынылған сайтқа түседі. Ол бұған дейін таратылған осы сияқты хабарламаларда көрсетілген фишингтік сайттарға ұқсайды.
Мысалы, 2020 жылы пайдаланушыларға WhatsApp-тың атынан сол 50 Гб трафикті алу ұсынылды. Фактчекерлер бұл хабарламаны фишингпен айналысатын алаяқтар жасағанын анықтады.
2022 жылы FIFA-ның атынан 50 ГБ трафик алу ұсынылған болатын. Бұл ақпарат та фейк болып шықты. Хабарламаға тіркелген сілтеме фишингтік сайтқа апарады.
Фишинг – бұл онлайн-алаяқтықтың бір түрі, осылайша, алаяқтар төлем ақпараты, жеке аккаунтардың, банктердің қосымшаларының және т.б. логиндері мен парольдері сияқты жеке деректерді иемденеді.
Біз фишинг және оған алданып қалмау туралы толығырақ жазған болатынбыз.