«Қашықтан оқитын бала интернет ұстаймын деп қолын сындырды» – фейк
Интернет сигналын ұстаймын деп жарақат алған бала туралы қауесет расталған жоқ. Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімдігі Жантерек ауылында мектеп оқушысының интернет-сигналын ұстауға тырысып, биіктен құлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында 3-сынып оқушысы Ақжүрек Қуаныш мұғалімге үй тапсырмасын жіберу үшін тракторға шыққаны туралы ақпарат тараған болатын.
Аудандық әкімдіктің хабарлауынша, бала Жантерек ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан Қаракөл қыстағында жарақат алған. Ол онда демалыс күндері ата-әжесіне қонаққа барған. Ойын барысында Ақжүрек тракторға шығып, құлаған. Бұл туралы ол үлкендерге айтпаған.
Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін сабағына қатысқан. Қолы ауырып қоймағасын бейсенбі күні ата-анасы баланы Атыраудағы ауруханаға апарды, онда оның иығы сынғаны анықталды. Балаға гипс салынды, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалауда.
«Жантерек ауылындағы №75 бастауыш мектебі штаттық режимде жұмыс істеуде. Мектепте 41 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Жантерек ауылында 65 үй болса, оның 48-і сымды интернетке қосылған. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары 3G форматындағы сымсыз интернетпен қамтамасыз етілген», – делінген әкімдік хабарламасында.