Фейк: «Ғалымдар 2016 жылы басқа ғаламға портал ашты»
Осы жылдың 5 шілдесінде Женевада Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйымның аумағында орналасқан үлкен адронды коллайдер үшінші мәрте іске қосылды. Сол сәттен бастап әлемде осыған байланысты қастандық теориялары көп тарады. Қастандық теорияларының кейбір жақтаушыларының пікірінше, коллайдер параллель әлемдерге порталдар ашу үшін іске қосылады. Олардың бірі 2016 жылы ашылған екен. Бұл жалған. Неге екенін айтып берейік.
Параллель ғаламға порталдың ашылуының дәлелі ретінде найзағай мен бұлттардың суреттері ұсынылуда. Алайда бұл ештеңені дәлелдемейді.
Оларды 2016 жылы Женева маңында фотограф Кристоф Суарез түсірген. Ол найзағайдың суретін кездейсоқ жасамаған, дауылдың болатынын синоптиктер болжаған, ал Суарез әріптестерімен бірге әдемі суреттер түсіру үшін дауылдың ортасына барған. Ол суреттерді Twitter-дегі аккаунтында жариялағаннан кейін олар желіде таралып кетті. Қастандық теориясын жақтаушылар мұның көмегімен үлкен адронды коллайдердің порталдар аша алатындығын дәлелдеуге тырысты. Бұған жауап ретінде фотограф өте қатты пікірлер айтып, мұндай теорияларды «ақымақтық» деп атады және суреттер CERN аумағында түсірілмегенін және оларда жай найзағай бейнеленгенін жеткізді.
Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (CERN) ғалымдары физика мен ғаламның негізгі заңдылықтарын зерттеумен айналысады. Үлкен адронды коллайдер бөлшектерді жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалтып, бір-бірімен соғыстыру үшін қолданылады. Осылайша олар әртүрлі теорияларды тексеріп, ғылыми гипотезаларды дәлелдейді. 2012 жылы коллайдердің көмегімен Хиггс бозонының және оның массасы бар екені дәлелденді.
CERN-дегі параллель әлемдерге порталдардың ашылмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ғалымдардың мұндай мақсаты жоқ. Екіншіден, параллель әлемдердің өздері – гипотеза, ол әлі расталған да жоқ, жоққа да шығарылмады. Үшіншіден, параллель әлемдер болғанымен, қазіргі заманғы ғылым оларға апаратын портал жасай алмайды. АҚШ-тың Теннесси қаласындағы зертхананың зерттеуші-ғалымы Леа Бруссард осындай «портал» жасаумен айналысқан. Ол әріптестерімн бірге арнайы магниттік түтіктен шығарылған протонның қара затпен өзара әрекеттесетінін дәлелдейтін тәжірибе жүргізбек болған.
Алайда, үш жылдан кейін тәжірибе қажетті нәтиже бермеді және ғалымдар тобы гипотезаны дәлелдей алмады. Енді олар жабдықты аса сезімтал жабдықпен алмастырып, тәжірибені қайталап көрмек.
Демек, CERN-де ғалымдар параллель әлемдерге порталдар ашады деген теория – фейк және конспирология. Таратылған фотосуреттерде жай найзағай бейнеленген, ал параллель әлемдердің болуы – бұл әлі расталмаған гипотеза.