Фейк: «Наттокиназа ферменті вакцинацияланған адамдардың ағзаларынан спайк ақуыздарын шығарады»
Пайдаланушылар интернетте вакцинацияланғандарға арналған детоксикация бойынша кеңестерімен бөліседі. Олардың айтуынша, наттокиназа ферменті вакцинацияланған адамдардың денесіндегі SARS-Cov-2 коронавирусының спайк ақуызын ыдырата алады екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Наттокиназа – бұл натто деп аталатын жапон тағамынан алынатын фермент. Оны ерекше бактериялардың көмегімен ашытылған қайнатылған соядан дайындайды. Наттокиназа қанды сұйылту, тромбтардың алдын алу және қан қысымын қалыпқа келтіру қабілетімен белгілі. Заттың бұл қасиеттерін тек халықтық емшілер ғана атап өтеді. Наттокиназаның ағзаға әсерін дәлелдейтін ауқымды және беделді зерттеулер жоқ.
Спайк-ақуыз – бұл вирустың бетіне шығып тұратын «тікенек». Сол арқылы патоген жасушаға еніп, көбейеді және бүкіл ағзаға әсер етеді. Сондықтан спайк ақуызын бейтараптандыру әдістері ғалымдар үшін өте маңызды. Оны залалсыздандыру жалпы вирусты жеңудің белгісі.
2022 жылдың тамызында жапон ғалымдары наттокиназаның SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызына әсерін зерттеу нәтижелерін жариялады. Онда наттокиназаның спайк ақуызын ыдырату қабілеті зерттелді. Ол үшін сұйылтылған наттокиназа жасушалардың спайк ақуызын экспрессиялайтын лизатымен араластырып, инкубациялады. Тәжірибе тұтастай in-vitro, яғни түтікшеде жүргізілді.
Нәтижелер наттокиназаның спайк ақуызын бұза алатынын көрсетті.
Алайда, бұл нәтижелерді вакцинацияланған адамдарға қатысты қолдануға болмайды. Біріншіден, тірі ағзада болатын процестер түтікшедегі тәжірибе аясында болған процестерден айтарлықтай ерекшеленеді.
Екіншіден, вакцинациядан кейін бірден қалыптасатын SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызы ағзадан бірнеше апта ішінде шығарылады. Бұл үшін арнайы ферменттер, қоспалар және «детоксикация» бағдарламалары қажет емес. Өйткені, вакцинаның арқасында жасушалар дененің иммундық жүйесі бөтен деп танитын және төтеп беретін спайк ақуызын шығарады. Бұл процесте барлық спайк ақуыздары жойылып, ағзадан шығарылады.
Демек, наттокиназа ферменті егілген адамдарға вакциналардың зиянды компоненттерінен арылуға көмектесетіні туралы хабарлама ғылыми зерттеулерді дұрыс түсіндірмеуге және расталған медициналық деректерді бұрмалауға негізделген жалған ақпарат болып табылады.