Фейк: «Елдер егемендігін жоғалтып, фирма ретінде тіркелді»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар пандемиялық келісім салдарынан ДДҰ-ға қатысушы елдер өз егемендігінен айырылып, фирмалар ретінде тіркелгені туралы видеоны таратуда. Бұл жалған.
Видеода бұл теорияны айтқан адам Астрид Штукельбергер. Ол қартаю мәселелерін зерттеуге маманданған. Оның ДДҰ-мен жұмыс істегені рас, бірақ ұйымның штатында емес, кеңесші ретінде уақытша келісімшарттарпен қызмет еткен. COVID-19 пандемиясы басталғанда Астрид Штукельбергер вакцинация туралы да жалған ақпаратты белсенді тарата бастады. Бұл фактілер оны сенімсіз ақпарат көзіне айналдырады.
ДДҰ-ның пандемия туралы келісіміне, біріншіден, әлі қол қойылмаған, екіншіден, бұл елдердің егемендігінен айырылуының белгісі емес. Ол пандемияға және адам денсаулығына басқа да жаһандық қауіп-қатерге ден қоюдың бірыңғай әлемдік стратегиясын әзірлеуге бағытталған. Оған қол қойған елдер тәуелсіздігінеен айырылады деген теорияны фактчекерлер жоққа шығарған болатын.
Гриффит университетінің денсаулық сақтауды жаһандық басқару бойынша сарапшысы, профессор Сара Дэвис Reuters тілшісіне берген сұхбатында, келісім қабылданғаннан кейін де ДДҰ қандай да бір мемлекеттің үкіметін өз еркіне бағындырмайтынын және бұл үкіметті сәйкес келмейтін шаралар қабылдауға мәжбүрлеу құқығын иеленбейді деп мәлімдеді.
Елдердің фирмалар ретінде тіркелгені туралы ақпарат жалған. Астрид Штукельбергер өз сөзінде АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында 18-K нысанын толтырған мемлекеттер тізімін атап шығады. Бұл нысан АҚШ-та борыштық бағалы қағаздары бар немесе осы бағалы қағаздарды АҚШ қор биржасында орналастырған егеменді үкіметтерге немесе олардың бөлімшелеріне арналған.
18-K формасын толтырған елдер арасында Австралия, Канада, Италия, Ямайка, Швеция және Мексика бар.
Сонымен бірге Австралия мен Швеция құжаттарды пандемияға дейін – сәйкесінше 2010 және 2013 жылдары тапсырған. Мексика нысанды биыл, ал қалған елдер 2021 жылы толтырған.
Бұл құжат осы мемлекеттердің егемендігіне қол сұқпайды және олардың жеке фирмалар ретінде тіркелгенін білдірмейді.
Демек, таратылған сұхбат және ондағы тезистердің барлығы фейк.