Манипуляция: «COVID-19 қарсы вакциналар ұйқыға әсер етеді»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда COVID-19-ға қарсы вакциналар ұйқыға әсер ететіні туралы ақпарат тарады. Вакцинацияланған адамдар біртүрлі «қанық» түстер көреді екен. Бұл рас па? Анықтайық.
COVID-19-ға қатысты ерекше, жарқын және сюрреалистік түстер туралы хабарламалар пандемия басталғанда, вакциналар әзірленбеген кезде шыққан. Адамдар бұрын түсінде көрмеген қорқынышты және түсініксіз сюжеттерді көретінін айқтан.
Мамандар мұны стресспен және мазасыздықтың артуымен байланыстырды. Ерекше түстер туралы ақпарат 11 қыркүйектегі терактіден кейін және басқа да маңызды және қайғылы тарихи оқиғалардан соң көп таралды.
COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін де біртүрлі түстер көрдік дегендер де бар. Алайда, препаратқа болған осындай реакция туралы айтқан барлық пациенттер мұндай түсті бір-екі рет қана көрген.
Ұйқы мамандарының айтуынша, бұл реакция вакцинацияға иммундық жауаптың болуымен байланысты. Біз ауырған кезде ағзада T жасушалары қалыптасады. Олар вирустармен күресуге және ауыр аурулардан қорғауға көмектеседі. Бұл жасушаларды өндіру процесі көп энергияны қажет етеді. Демек, олар ағзада түзілгенде, адамның ұйқысы келуі мүмкін. Ояну әдеттегіден қиындау болады. Ұйқы неғұрлым ұзақ болса, REM фазалары соғұрлым көп болады. Демек, адам көп түс көреді. Ал егер осы кезде дене температурасы көтерілсе, ал Т-жасушаларын өндіру кезінде олай болуы әбден мүмкін, онда жарқын және оғаш түстерді көру ықтималдығы артады.
Адамдар түс көретін ұйқының REM фазасына бірқатар антигистаминдік препараттар да әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, вакциналардан немесе дәрі-дәрмектен болатын ерекше түстер ұзақ қа созылмайды. Әдетте, адамдар оларды препаратты алғаннан кейін бір-екі рет қана көреді.
Мұндай әсерді ғалымдар қауіпсіз деп санайды және бұл адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейді. Ұзақ мерзімді перспективада COVID-19-ға қарсы вакцинация ұйқыға және оның сапасына әсер етпейді.
Демек, таралған ақпарат – манипуляция. Адамдар вакцинациядан кейін біртүрлі түстер көруі мүмкін, бірақ бір-екі рет қана. Бұл әсер қауіпсіз және иммундық жауаптың болуымен байланысты.