Fake NewsКонспирология

Фейк: «Дүниежүзілік экономикалық форум Марбург вирусын жарнамалайды»

Желі қолданушыларының айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның сайтында ішкі ағзаларды сұйықтыққа айналдыратын Марбург вирусының жарнамасы шыққан. Хабарлама авторының айтуынша, ДЭФ ауруды диагностикалау үшін ПТР сынақтарын және оған қарсы вакцина әзірлеуде. Сондай-ақ хабарламада органдар ауру салдарынан емес, 5G желілерінің әсерінен «ериді» делінген. Мұның бәрі өтірік.

Рет-ретімен бастайық.
Марбург вирусы – Марбург вирустық ауруының қоздырғышы. Бұл вирустық геморрагиялық қызбаның бір түрі. Ол адамнан адамға дене сұйықтықтарымен – қан, сілекей, құсу және т.б. арқылы беріледі. Аурудың белгілері: қызудың көтерілуі, бөртпе, жүрек айну, құсу, диарея, естен адасу. Егер науқасқа медициналық көмек көрсетілмесе, онда бұл белгілерден кейін адам сарғайып, ұйқы безі қабынуы мүмкін, қатты салмақ жоғалту, көп қан кету және полиоргандық жеткіліксіздік болуы мүмкін. Науқастардың мүшелері сұйықтыққа айналмайды.
Дүниежүзілік экономикалық форумның сайтында Марбург вирусы туралы видеолар бар. Алайда, оны «жарнама» деп атау қиын. Ол Экваторлық Гвинеяда тіркелген ауру ошағына арналған. 2023 жылғы 1 наурызда онда ауру жұқтырудың 16 жағдайы тіркелді, оның 9-ында науқастар көз жұмды.
ДЭФ сайтындағы видеода диагностикалауға арналған ПТР тестілеу немесе ауруға қарсы вакциналар туралы ештеңе айтылмаған.
Дегенмен, ашық дерекөздерде ПТР-тестілеу арқылы Марбург вирусын диагностикалау туралы ақпарат жеткілікті. Бұл әдіс он жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және жаңашылдық емес.
Бұл ауруға қарсы вакциналар да әзірленуде, бірақ оған Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысы жоқ. 2023 жылдың 30 қаңтарында The Lancet журналында Марбург вирусына қарсы эксперименттік вакцинаны адамдарда сынаудың алғашқы нәтижелері жарияланды. Оның нәтижелері препараттың тұрақты иммундық жауап беретінін және елеулі теріс реакциялар тудырмайтынын көрсетті. Бірақ бұл – аз ғана еріктілер қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі. Препараттың тиімділігі мен қауіпсіздігін нақты бағалау үшін ауқымды зерттеулер жүргізу қажет.
Хабарламада айтылған 5G желілерінің зияны туралы айтар болсақ, мұндай форматтағы байланыс ішкі органдарды «сұйылтады» деп санауға негіз жоқ.
Еуропалық парламент жариялаған 5G желілерінің адам денсаулығына әсері туралы зерттеуде технологияның әсерінен ішкі органдар сұйықтыққа айналады деген болжам жоқ.
Демек, таралған ақпарат жалған. Онда келтірілген мәлімдемелердің ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Марбург вирусы органдарды сұйықтыққа айналдырмайды. ДЭФ сайтында бұл аурудың өршуі туралы айтылды және ол жарнамаланған жоқ, бұл ауруды анықтауға арналған ПТР-тесттер ондаған жыл бойы қолданылуда, сондай-ақ ДЭФ вакцина әзірлеуге қатыспайды. 5G желілері де адам ағзаларын сұйықтыққа айналдырмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button