Fake News

Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыда далада қалған студенттер туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді

Қазнетте Алматыда басқа қалалардан келген студенттерге жатақхана берілмейтіні, соның салдарынан олар метро мен вокзалдарда түнеуге мәжбүр болғаны туралы ақпарат тарады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Алматыда жатақхана берілмеген студенттер туралы ақпараттың дәлелі ретінде түнде қалада чемоданын ұстап жүрген жастардың видеосы ұсынылған.

«Осы жарияланымдарды талдау және тексеру нәтижесінде олардың сенімсіз дереккөзден тарағаны анықталды. Алматыда далада қалған студенттер туралы ақпарат расталған жоқ. Түнде чемодандарымен көшеде жүрген жастардың видеосының қайдан шыққаны белгісіз. БАҚ-та бұл студенттердің нақты ТАӘ, байланыс номерлері жоқ, тиісінше, оларды нақты тексеру және шаралар қабылдау үшін ведомствоның баспасөз қызметіне ұсыну мүмкін емес. Демек, далада қалған студенттер туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп хабарлады министрліктен.

Ведомствоның хабарлауынша, университеттер басқа қаладан келген студенттерді жатақханаларда орындармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда орын жетпеген студенттер хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылады.

«Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев студенттерді жатақханамен қамту мәселесі толық шешілгенше Алматыда болады», – делінген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button