Фейк: «Жақын арада балаларды ата-аналардан тартып ала бастайды»
Жақын арада балаларды ата-аналардан тартып ала бастайтыны туралы Желіде тараған видеоролик қазақстандықтардың үрейін тудырды. Қастандық теориясын жақтаушы Кэтрин Фиттс осындай мәлімдеме жасады. Оған сенудің қажеті жоқ. Неге екенін айтайық.
Кэтрин Остин Фиттс – банктік инвестициялар жөніндегі маман. Ол COVID-19 пандемиясы басталғанда осы ауру және онымен күрес туралы жасаған мәлімдемелерімен танымал болды. Нақтырақ айтқанда, ол «Локдаун планетасы» псевдо деректі фильміндегі спикерлердің бірі. Онда COVID-19 – бұл қолдан жасалған ауру, оған қарсы вакциналар бедеулікке әкеледі және карантиндік шектеулер адамдарды құлдықта ұстау үшін қажет деп айтылады. Фильм жарыққа шыққаннан кейін көп ұзамай жалған және шатастыратын мәлімдемелердің көп болуына байланысты Youtube және басқа да платформаларда бұғатталды.
Кейіннен Кэтрин Остин Фиттс пандемия әлемдегі барлық валюталарды алып тастау және қолма-қол ақшадан толығымен бас тарту үшін қажет деп мәлімдеді. Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.
Фейк: «Пандемия әлемдік қаржы жүйесін жойып, жалпы бақылау орнату үшін ұйымдастырылды»
Бұл жолы ол кейбір жұмбақ «жандар» адамдардан алтын, жер, тіпті балаларды тартып алады деп мәлімдеді.
Бұл мәлімдемелер – қолма-қол ақша, жер, тіпті балаларды тәрбиелеуге тыйым салу туралы сөздердің бәрі – БҰҰ-ның «Жаңа әлемдік тәртіп» туралы фейк мақаланың тармақтары.
Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының «жоспарлары» баяндалған және тәуелсіз мемлекеттер, отбасылар, жеке меншік және т.б. болмайтын қорқынышты болашақ өмір сипатталған. Шын мәнінде, бұл құжат – конспирологтардың елес-қиялының жемісі. БҰҰ-ның сайтында ол жоқ және болған емес.
Демек, әлемдік элита өкілдерінен тұратын белгісіз құпия қоғамдастық адамдардан жерлерін және балаларын тартып алуды жоспарлап отырғанына ешқандай дәлел жоқ. Болашақта осындай жағдай орын алатынына да алғышарттар жоқ.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай қорытынды жасауға болады: біріншіден, Кэтрин Фиттс сенімді дереккөз емес. Ол қастандық теориясына сенеді және өз мәлімдемелеріне ешқандай дәлел келтірмейді. Екіншіден, балаларды, жеке меншікті және қолма-қол ақшаны тартып алу теориясы конспирологтар адамдарды қорқыту үшін дайындаған фейк құжатқа негізделген.
Демек, жақын арада балаларды отбасынан күштеп тартып ала бастайтыны туралы ақпарат – фейк.