Фейк: «ДДҰ мәжбүрлі вакцинациядан бас тартқан мемлекеттерді жазалайды»
Желіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз азаматтарын мәжбүрлеп егуден және күштеп оқшаулаудан бас тартқан қатысушы елдерге қарсы санкциялар енгізуге мүмкіндік беретін келісімді қабылдауға дайындалып жатқандығы туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Неге екенін айтып берейік.
Бұл құжат – ДДҰ-ның жаңа пандемиялық келісімі, оның алғашқы жобасы 2023 жылғы 1 ақпанда таныстырылды. Келісім ұйымға қосылған елдерге алдағы пандемияларды және денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды еңсеруге көмектесуге арналған. Нақтырақ айтқанда, ауқатты қатысушы елдердің медициналық тауарлардың бір бөлігін аз дамыған мемлекеттерге беруіне баса назар аударылады. Құжат авторларының пікірінше, ресурстарды тең бөлуге қол жеткізуге болады.
Құжат жобасында мәжбүрлі вакцинация және адамдарды күштеп оқшаулау туралы айтылмаған. Сондай-ақ адамдарды күштеп егуден бас тартқан елдерге салынатын санкциялар туралы да жазылмаған. Бірақ адам құқықтарын сақтауға арналған тармақ бар.
Айта кетейік, жобаның мәтінімен танысқан мамандар оны түсінікті деп тапты. Knowledge Ecology International білім беру ұйымының директоры Джеймс Лав өзінің Twitter-дегі аккаунтында келісім жобасы «кейбір мәселелер бойынша өте жақсы» деп жазды.
Nature ғылыми журналы 2023 жылғы 7 ақпанда жаңа келісім жаңа пандемия жағдайында вакциналар мен дәрі-дәрмек таратуда теңдікті қамтамасыз ете алатындығы туралы мақала жариялады. Бірақ мақала авторы бұл жобаларды жүзеге асыру үшін келісімде көрсетілген тетіктер жеткіліксіз деп санайды.
Демек, ДДҰ мәжбүрлі вакцинациядан және адамдарды оқшаулаудан бас тартқан қатысушы елдерді жазалауды жоспарлап отырған жоқ. Оның үстіне, талқыланып отырған құжатта күштеп иммундау туралы айтылмаған.