Талдау

Банктердің мобильді қосымшаларын оңай бұзуға болатыны рас па?

Банктердің мобильді қосымшалары қаншама адамдардың өмірінің үйреншікті және қажетті бөлігіне айналды. Олардың көмегімен ақшаны тез аударуға, қажетті қызметтерге қашықтан төлеуге, банкке бармай-ақ несие алуға т.б. болады. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Хакерлер банктердің мобильді қосымшаларын бұза ала ма? Еге бұза алса, бұдан қалай сақтануға болады? Анықтайық.

Хакерлер телефонды бұза алады, солай ма?
Иә, бұза алады, бірақ сіздің көмегіңізбен. Қаскүнемдер сізді алдап, телефондағы барлық іс-әрекеттеріңізді көруге мүмкіндік беретін зиянды бағдарламалық жасақтаманы орнатқызуы мүмкін. 

Телефонның бұзылғанын қалай түсінемін?
Біреулер сізден соңғы уақытта қандай да болмасын қосымшаларды жүктеуді немесе мобильді банкингке және басқа бағдарламаларға кіру кодын хабарлауды сұрады ма? Есіңізге түсіріңіз.
Сондай-ақ бұрын болмаған терезелердің ашылуы да телефонның бұзылғанының белгісі болуы мүмкін. Бұдан басқа, зиянды бағдарлама батарея қуатының әдеттегіден тез таусылуына ықпал етеді.

Телефон бұзылса, мобильді банкинг те бұзыла ма?
Бұл міндетті емес. Банк қосымшасына кіру үшін парольді енгізу немесе сәйкестендірудің басқа түрінен өту қажет. Хакерлер қосымшаға кіру кодын білмейінше, олар оны бұза алмайды. Қосымшаға кодсыз кіру мүмкін емес. Банктер онлайн қауіпсіздікке көп көңіл бөледі және клиенттерінің қаражатын мүмкіндігінше қауіпсіз ету үшін жеке қосымшаларын әзірлейді. 

Телефонды бұзбай ұялы банкингті бұзуға бола ма?
Егер өзіңіз көмектессеңіз, болады. Әдетте, қылмыскерлер ешқандай супер технологиялық әдістерді қолданбайды. Олар тексерілген схемалар бойынша әрекет етеді, дайын болсаңыз оларды тану қиын емес.
1. Фишинг – сізге ұтысты алып кететін немесе сауалнамадан өтіп, ақша алуға, жәрдемақы рәсімдеуге болатын, танымал дүкенде жеңілдіктер жасалатын және т.б. сілтеме жіберіледі. Барлық жағдайда ерте ме, кеш пе сізден банктік карта немесе мобильді банкинг деректерін енгізу сұралады. Осыдан кейін, ақпарат алаяқтарға беріледі.
2. Әлеуметтік инженерия – бұл ретте алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері, қырағы полицейлер деп таныстырады. Осылайша, олар адамдардан банк қосымшаларының логиндері мен парольдерін алуға тырысады немесе мобильді банкингті толық өз бақылауына алу үшін қашықтан кіру бағдарламаларын орнатуға көндіреді.
3. Зиянды бағдарламалық жасақтама – сенімсіз дереккөздерден жүктелген қосымшалар тыңшылық болуы мүмкін. Желіден жүктеп алуға болатын әртүрлі стандартты емес пернетақталар енгізілген деректерді үшінші тұлғаларға жіберуі ықтимал. 

Қалай сақтануға болады?
Бұл оңай.
1. Мобильді банкингке кіру үшін тым қарапайым құпия сөзді қоюға болмайды. 1234 коды – бұл жаман идея.
2. Тексерілмеген дереккөздерден қосымшаларды жүктеуге болмайды.
3. Қандай жағдай болмасын мобильді банкингке кіру кодын ешкімге хабарлауға немесе оны бөгде адамдардың көзінше енгізуге болмайды.
4. Қоғамдық Wi-Fi желілеріне жиі қосылмаңыз – мұндай байланыс қауіпсіз болмауы мүмкін.
5. Смартфондарға лицензияланбаған бағдарламалық жасақтаманы орнатпаған жөн.

Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, мобильді банкингті оның барлық артықшылықтарымен қауіпсіз пайдалануға болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button