Талдау

Желіде Цифрлық валюта туралы фейктер топтамасы тарады

Telegram-да жақын арада әртүрлі елдерде пайда болуы ықтимал орталық банктердің цифрлық валюталары адамдарды бас бостандығынан айырады және жалпы бақылау құралына айналады деп жазылды. Бұл мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Неге екенін түсіндірейік.

CBDC дегеніміз не? Бұл елдің орталық банкі шығаратын арнайы цифрлық валюта. Қазақстанда бұл валюта – әзірленіп жатқан цифрлық теңге. Қытай цифрлық юаньды енгізуге дайындалуда.
Мұндай валюта ақшаның бір түрі ғана. Оны қолданудың нәтижесінде қолма-қол ақша алынып тасталмайды және айналымнан шығарылмайды.
Енді ақшаның осы түрі туралы тараған мәлімдемелерге тоқталайық.

1. CBDC-дің нақты мақсаты бар. Мысалы, нанға берілген ақшаға наннан басқа ештеңе сатып ала алмайсыз.
Бұл өтірік. CBDC-ге арналған бірде-бір ресми сайтта мұндай ақпарат жоқ. Сонымен қатар бұл болжам объективті шындыққа сәйкес келмейді. Кейбір елдерде CBDC енгізу бойынша пилоттық жобалар іске қосылды. Мысалы, Швецияда 2017 жылдан бері e-krona енгізілуде. Бұл валютаның көздеген мақсаты жоқ.

2. Мұндай ақшаның жарамдылық мерзімі болады
Бұл өтірік. Бұл пікір Қытай билігі жарамдылық мерзімі бар электронды юань шығарды деген фейк ақпаратқа негізделген. Шындығында, мұндай жағдай болмаған. Жарамдылық мерзімі 2022 жылы Қытай азаматтарына таратылған цифрлық тұтыну ваучерлерінде белгіленді. Бұл ваучерлер Қытайдың Орталық банкінің цифрлық валютасы емес.

3. Орталық банк барлық транзакцияларды қадағалайды.
Бұл – манипуляция. Цифрлық валюта транзакциялары бақылауға алынатыны рас. Бұл автоматты режимде болады, бұл қазір карточкалық аударымдар мен төлемдерді бақылауға ұқсайды. Осындай шаралардың арқасында қателесіп немесе алаяқтардың іс-әрекеті нәтижесінде аударылған қаражатты қайтаруға мүмкіндік болады. Сонымен қатар цифрлық ақша теориялық тұрғыдан сыбайлас жемқорлық немесе есірткі сатып алу сияқты заңсыз әрекеттермен байланысты операцияларды бақылауға жол ашады.
Дегенмен, транзакцияларды қадағалау банк қызметкерлері адамдардың не және қанша сатып алатынын бақылайды дегенді білдірмейді. Тек ақша қандай мөлшерде қай шоттан, қайда және қай уақытта түсетіні ғана бақыланады.

4. Орталық банк шоттарға кіруді реттейтін болады
Бұл дәлелсіз. Елдердің орталық банктері кімнің өз ақшасын пайдалана алатынын және кімнің пайдалана алмайтынын шешеді деп пайымдауға негіз жоқ. Сонымен қатар ақпаратта көрсетілген әлеуметтік рейтинг жүйесі мен көміртегі ізі әлемнің бірде-бір елінде шоттарды тоқтатып қоюға негіз бола алмайды. Кредиторлар немесе мемлекет алдында берешек болған кезде, сондай-ақ шоттарда күдікті белсенділік анықталған жағдайда ғана шоттарға кіруге тыйым салынуы мүмкін. 

Қорыта айтқанда, таралған мәлімдемелер – фейк. Цифрлық валютаның нақты мақсаты, жарамдылық мерзімі болмайды, оның көмегімен банктер адамдар нақты не және қанша сатып алатынын біле алмайды. Сонымен қатар цифрлық валютаны пайдалану-пайдаланбауды әркім өзі шеешді. Қолма-қол ақша цифрлық валюта енгізілгеннен кейін айналымнан шығарылмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button