Манипуляция

Дәлелсіз: «COVID-19 қарсы егілгендердің ағзасы бұрын трансплантацияланған органдарды қабылдамай жатыр»

Мессенджерлерде КВИ-ға қарсы егілген пациенттердің ағзасы бұрын трансплантацияланған органдарды қабылдамайтыны туралы жаңалықтар сюжеті тарады. Мұны жақында жүргізілген зерттеу растаған екен. Бұл рас па, жоқ па, анықтайық.

Жаңалық сюжетінің тақырыбына қарамастан, кадрдағы жүргізуші жалпы трансплантацияланған органдар туралы емес, көз қабығы туралы ғана айтады. Ол зерттеу мәтінінен үзінді келтіреді, бірақ осы дәйексөз бойынша ғылыми жұмыстың өзін табу мүмкін болмады.

Алайда, COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін ағзаның трансплантацияланған көз қабығын қабылдамаған жағдайлары туралы басқа зерттеулер мен есептер бар. 

2022 жылғы 4 шілдеде көз қабығының қабылданбауы туралы есептерге жасалған жүйелі шолу жарияланды. Онда 16 зерттеу мен есеп қаралған. Мамандар пациенттердің медициналық тарихын, COVID-19 қарсы егілген вакцинаның түрін, трансплантация жасау уақытын және оның түрін талдаған. Шолуда барлық сипатталған жағдайларда COVID-19-ға қарсы вакцинация алмастырылған органның қабылданбауына әкелді деген нақты тұжырым келтірілмеген. Алайда, COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін трансплантацияланған көз қабығының қабылданбауы өте сирек кездеседі делінген.

Екі күннен кейін, 2022 жылғы 6 шілдеде, ұлыбританиялық ғалымдар тобы COVID-19-ға қарсы егу науқаны басталғанға дейін және одан кейін әр түрлі жылдары көз қабығының қабылданбауы жағдайлары салыстырылған препринт зерттеуді жариялады. Ғалымдар вакциналардың қауіпті құбылыспен байланысын анықтамақ болған. Жаппай вакцинация басталғанға дейін трансплантацияланған көз қабықтарының қабылданбау жағдайлары сирек болса, бұл екпелер мен ағзаның донорлық органды қабылдай алмауының арасындағы байланысты дәлелдейтін иеді. Бірақ олай болған жоқ: зерттеу нәтижелері көрсеткендей, вакцина әлі ойлап табылмаған 2018-2019 жылдары және егу науқаны қызу жүріп жатқан 2021-2022 жылдары алмастырылған көз қабықтарының қабылданбауы сипатталған жағдайларының көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылық табылған жоқ.

2022 жылғы 19 тамызда офтальмологияға арналған Optometry Review журналының сайтында COVID-19 қарсы вакцинация мен донорлық көз қабығының қабылданбауының арасындағы байланыс туралы мақала жарияланды. Онда «COVID-19 қарсы вакцинация мен көз қабығының транспланттын қабылдамаудың арасындағы байланыс сенімді бола алмайды» делінген.

Яғни, бұрын трансплантацияланған көз қабығының қабылданбауы COVID-19 вакцинасынан туындайды деп айтуға негіз жоқ. Зерттеулер егу науқаны басталғалы мұндай асқынудың болу жағдайларының саны артпағанын көрсетті.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button