Конспирология

Фейк: «Жасанды жұмыртқалар сатылымға шығарылды»

Telegram чаттарда тараған телебағдарламаның үзіндісінде жүргізуші жасанды жұмыртқалар сатылымға шығарылды деп мәлімдейді. Оларды табиғи жұмыртқадан ажырату мүмкін емес, бірақ оны тұтынудан адамға ешқандай пайда жоқ. Бұл рас па? Тексерейік.


Видеода жасанды жұмыртқалар Ресейде сатылады деп жазылғанына қарамастан, қазақстандық қолданушылар отандастарын сақ болуға және елімізде сатылатын жұмыртқалардың сапасын бақылауға шақырады.
Өтірік жұмыртқа туралы хабарламалар Желіде бұрыннан таралуда. Осындай жұмыртқа сатып алдып деп 2013 жылы жазған адамдар бар. Одан кейін де бұл туралы бірнеше рет жазылды, бірақ бұл ақпараттар расталған жоқ. Белгілі бір қаланың тұрғыны өтірік жұмыртқа сатып алып, бұл туралы БАҚ-қа хабарлаған екен. Бұған қатысты ресми ведомстволар да, құс шаруашылығы саласындағы мамандар да түсініктеме бермеген. Жасанды жұмыртқалар туралы барлық хабарламаларда жалған және шын жұмыртқаны қабығына қарап, тануға болатындығы айтылған. Жалған өнімнің қабығы жылтыр болады екен. Шын мәнінде, табиғи өнімнің де қабығы тегіс немесе бұдырлы, тіпті өсінділері де болуы мүмкін. Бұл жұмыртқаның өтірік екенін білдірмейді.
2019 жылы Өзбекстанда жасанды жұмыртқалардың сатылып жатқаны анықталған екен. Оны сатып алған ер адам піскен жұмыртқаның сары уызын видеоға түсірген, ол консистенциясы жағынан резеңкеге ұқсас болған. Көп ұзамай ерекше құбылысты Ыстықкөл құс фабрикасының мамандары түсіндірді. Олар бұл жұмыртқаның жалған емес және фабрика өнімі екенін хабарлады. Жұмыртқа дұрыс сақталмағандықтан, оның сары уызы резеңкедей болып қалған. Сатушылар өнімнің балғындығын сақтау үшін оны мұздатқышқа салған. Соның салдарынан жұмыртқаның сары уызының қасиеті өзгерген. 
Сондай-ақ Желіде «жалған» жұмыртқалар шығарудың видеосы бар. Фактчекерлер мұндай роликтерді бірнеше рет тексеріп, оның жеуге жарамды жұмыртқаны емес, слайм ойыншықтарын жасау процесі екенін анықтады. Мұндай ойыншықтарды ірі маркетплейстерден табуға болады. 
Бүгінгі күні шынайы жұмыртқадан айырмашылығы жоқ жасанды өнім шығаруға мүмкіндік беретін технология әзірленбеген. Теориялық тұрғыдан мұндай өндіріс өте көп уақытты қажет етеді және қымбатқа түседі. Яғни, жалған жұмыртқалар бар болса, табиғи өнімнен әлдеқайда қымбат болар еді. Жұмыртқаға ұқсас өнімдер бар. Мысалы, сингапурлық OsomeFood компаниясы өсімдік компоненттерінен «піскен жұмыртқа» шығарады. Олар тауық жұмыртқасынан қымбат және оның «шикі» түрі болмайды. 
Just Egg компаниясы да өсімдік негізіндегі «жұмыртқалар» шығарады. Бұл өнім – қуыруға арналған дайын жұмыртқаға ұқсайтын сұйықтық. Тауардың бөлшек саудадағы бағасы кәдімгі жұмыртқаның бағасынан жоғары. 
Демек, жалған жұмыртқалар туралы хабарламалар – кемінде 9 жылдан бері бар ескі фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button