Конспирология

Фейк: «ДДҰ құлдар нәсілін қолдан жасау үшін құрылды»

Әлеуметтік желі қолданушылары белгісіз «қызметтік адамды» шығару туралы бейнероликпен бөлісуде. ДДҰ – бұл әлемдегі барлық адамдардың денсаулығын бақылау және гендік инженерия арқылы оларды еріксіз құлға айналдыру үшін құрылған ұйым. Бұл олай емес. Неге екенін түсіндіріп өтейік.

Бұл видео Желіде бұрыннан таралуда. Ол 2021 жылдың желтоқсанында жоққа шығарылды.
Видеодағы адам – Михаил Ковальчук, ресейлік физик және Курчатов институтының директоры. Ол туралы ақпарат өте қайшылықты. Мысалы, 2008 жылы Ресей Ғылым академиясының мүшелері Ковальчукты қабылдауға қарсы болды. Сондай-ақ физиктің сөздеріне қарасақ, ол қастандық теориясына жақын. «Қызметтік адамды» құру идеясы да осындай. Бұл теорияның дәлелі жоқ. Ал адам геномын өз қалауынан айырылған еріксіз адамдардың жаңа түрін жасау арқылы өзгертуге болады деген пікір ғылымға қарсы.
Бүгінгі таңда геномдық редакциялау мүмкіндіктері өте шектеулі. Бұл саладағы технологиялардың көпшілігі әлі де сынақ және даму сатысында. Алайда, олардың арасында адамның қалауын, ұмтылысы мен амбициясын жоққа шығарып, мінезін өзгертуге мүмкіндік беретіндері жоқ. Сонымен қатар осы мақсаттарда геномдық өңдеуді қолдану мүлдем қарастырылмайды. Мұндай технологияның негізгі мақсаты – бұрын емделмейтін болып саналған генетикалық ауруларды емдеу.
ДДҰ тек гендік-модификацияланған адамдарды құру үшін құрылды деген теория да мүлдем дәлелденбеген. Біріншіден, ұйым 1948 жылы адам геномын редакциялау туралы сөз болмаған кезде құрылды. Екіншіден, Михаил Ковальчуктың ДДҰ құру тарихы түбегейлі дұрыс емес. Ағайынды Даллес ДДҰ негізін қалаған жоқ. Ұйымды құру идеясын 1946 жылғы Халықаралық денсаулық сақтау конференциясының қатысушылары ұсынған. ДДҰ сол кезде де, қазір де Рокфеллер отбасының қаражатынан емес, қатысушы елдердің жарналары мен ерікті қайырымдылықтары есебінен қаржыландырды.

Қаржының қайдан түсетіні және ұйымның оны қайда жұмсайтыны туралы толық есептерді ДДҰ ресми сайтынан табуға болады.
Сонымен қатар Ковальчук ДДҰ-ның бірінші бас директоры Брок Чисхолмның дәйексөзін келтіреді. Ол «Әлемдік Үкімет құру үшін адамдардың санасынан олардың дербестігін, отбасылық дәстүрлерге адалдығын, ұлттық патриотизмді және діни догмаларды жою керек» деп мәлімдеді. Шын мәнінде, Брок Чисхолмның дәйексөзі келтірілген сенімді жазбаша дереккөздерде мұндай мәлімдемелер жоқ. 
Ковальчук айтып отырған ДДҰ-ның бүкіл әлемде тууды төмендету туралы жоспарлары шындыққа жанаспайды. Ол өз сөзінде АҚШ-тың 1974 жылғы Ұлттық қауіпсіздік туралы меморандумына сүйенеді. Онда елде туу деңгейінің жоғарылауы қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін делінген. Мәтінде азаматтарды контрацепция және отбасын жоспарлау мәселелерінде ағарту қажет екендігі атап өтілген. Яғни, біріншіден, құжатта құпия теріс жоспарлар көрсетілмеген. Екіншіден, ол әлемге емес, тек АҚШ-қа ғана қатысты болды.
Қорыта айтқанда, таратылған видеода айтылған барлық мәлімдемелер өтірік және манипуляция болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button