Fake News

Фейк: «Вакцинацияланған адамдарда жүрек ұстамасы болу қаупі 500%-ға артады»

Telegram-да пайдаланушылар COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдарда егілмегендерге қарағанда жүрек ұстамасының болу қаупі 500%-ға жоғары екендігі туралы хабарламамен бөлісуде. Бұл туралы Pfizer/BioNTech вакцинасының клиникалық сынақтарының ашық жарияланған нәтижелерінде жазылған екен. Бұл жалған.

Бұл мәлімдеменің авторы – кіші Роберт Кеннеди. Ол америкалық адвокат және вакцинацияға қарсы. Фактчекерлер оның вакциналар туралы негізсіз, ғылымға қарсы мәлімдемелерін бірнеше рет жоққа шығарған болатын.
Роберт Кеннеди жүрек ұстамасының болу қаупінің артатыны туралы алғаш рет 2022 жылы қаңтарда Вашингтонда вакцинацияға қарсы адамдардың митингісі кезінде мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл туралы Pfizer вакцинасының клиникалық сынақ есебінде жазылған. Шындығында, Кеннеди деректерді дұрыс түсіндірмеген. Бұл туралы Ватерлоо университетінің қоғамдық денсаулық сақтау ғылымдары мектебінің докторы Рон Браун егжей-тегжейлі жазды. Ол вакциналардың тиімділігін бағалаудың әртүрлі әдістері бар екенін айтады. Нақтырақ айтқанда, доктор Браун RRR және ARR әдістері туралы жазады. Бірінші, RRR – тәуекелдің салыстырмалы төмендеуін есептеу әдісі. Ол вакцинаны алған және алмаған адамдар тобындағы ауру қаупінің арақатынасын бағалауға негізделген. Екінші, ARR – бұл тәуекелдің абсолютті төмендеуін есептеу әдісі. Ол вакцинаны алған және алмаған топтар ішінде және жалпы халық арасында аурушаңдықты есептеуге негізделген. Доктор Браун өз блогында RRR және ARR әдістерімен жүрек ұстамасының болу қаупін анықтау үшін есептеулер жүргізген.
Вакцинаның клиникалық сынақ есебіне сәйкес, егілгендер тобында 5 жүрек ұстамасы жағдайы, ал плацебо тобында бір ғана жағдай тіркелген. Бұл ретте әр топта 22 мың қатысушыдан болған. Бұл егілген топтағы қатысушылардың 0,0227273%-ында жүрек ұстамасы болғанын білдіреді, ал плацебо тобында бұл көрсеткіш – 0,0045454%. Браунның RRR есептеулеріне сәйкес, вакцина алғандар тобында жүрек ұстамасының болу жиілігі -400% құрайды. ARR әдісімен есептелген дәл осындай көрсеткіш – 0,0181818% құрады. 
Доктор Рон Браунның айтуынша, мұндай көрсеткіштер клиникалық тұрғыдан шамалы және вакциналардың қауіптілігін дәлелдемейді. Сонымен қатар статистика да Роберт Кеннедидің сөзін жоққа шығарады. Бүгінгі таңда АҚШ-та 396 миллионнан астам адам Pfizer вакцинасын алды. Бұл адамдарда басқаларға қарағанда жүрек ұстамасы жиі болатыны туралы хабарланған жоқ. 
Демек, таралған ақпарат деректерді қате түсіндіруге негізделген фейк болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button