Фейк: «Pfizer вакцинасынан тромбтар қалыптасады»
Әлеуметтік желі қолданушылары Pfizer компаниясының COVID-19 қарсы вакцинасынан тромб қалыптасады деп жазуда. Бұл туралы әйгілі дәрігер Ричард Флеминг мәлімдеген екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Доктор Ричард Флемингтің Pfizer шығарған вакциналардан тромб қалыптасатыны туралы мәлімдемесі алғаш рет 2021 жылдың қазан айында жарияланды. Әйгілі конспиролог Алекс Джонстың Infowars порталында осы вакцинацияға қарсы тұлғаның бейнежазбасы шықты. Бұл қастандық теориялары мен псевдоғылымды насихаттайтын сенімсіз портал.
Pfizer вакциналарынан тромб қалыптасады деген теория дәлелсіз. Жаппай егу науқаны басталғаннан бері АҚШ-та 396 миллионнан астам адам Pfizer вакцинасымен егілді. 31 миллионға жуық адам осы препараттың үшінші, бустерлік дозасын алды.
Сонымен қатар вакцинадан тромбтар қалыптасқан жағдайлар тіркелген жоқ. Тромбтардың қалыптасуы да Pfizer препаратының сирек кездесетін жағымсыз реакцияларының тізімінде жоқ.
Бұған дейін Ричард Флемингтің теориясын америкалық фактчекинг порталы LeadStories жоққа шығарған болатын. Олар оның мәлімдемелері дәлелсіз деп айтты.