Сұхбат

Дәрумендер туралы мифтер: пайдалы ма, зиян ба?

Әдетте күзде дәріханаларда дәрумендерге сұраныс артады. Сатып алушылардың бірі В тобын таңдаса, басқасы С дәруменін алады. Соңғы кездері Д дәруменіне қызығушылық артып отыр. Алайда иммунитетті күшейтуге деген ұмтылыс кейде кері нәтиже әкелуі мүмкін. Stopfake.kz-ке берген сұхбатында профессор, медицина ғылымдарының кандидаты, аллерголог-иммунолог Анна Кнаус дәрумендерді дұрыс қабылдау, жанама әсерлерді болдырмау жолдары және шындықты мифтен ажырату туралы айтып берді.

– Анна Александровна, дәрумендерді өз бетімізше алуға бола ма?

– Дәрумендер – бұл дәрі-дәрмек және оларды тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдау керек. Ағзада қандай да бір витаминнің жеткілікті немесе жоқ екені талдау тапсыру арқылы анықталады. Талдау нәтижесі бойынша дәрумендер тағайындалып, мөлшері белгіленеді.

Талдау тапсырмай-ақ, сыртқы белгілер бойынша (терініңң, шаштың күйі және т.б.) қандай дәруменнің жетіспейтінін анықтауға бола ма?

– Әрине, болады. Дәрігер алғашқы белгілерге қарап, қандай дәруменге тексеру керек екенін анықтайды. Көп жағдайда А гиповитаминозының (гиповитаминоз – бұл тұтынумен салыстырғанда ағзада дәрумендер мөлшерінің аз болуы) белгілері байқалады. Бұл терідегі өзгерістер, шырышты қабаттардағы, конъюнктивалардағы әртүрлі жаралар, стоматит, өт қабының зақымдануы болуы мүмкін. Адам бактериялық-вирустық аурулармен, әсіресе жоғарғы тыныс алу жолдары ауруларымен жиі ауырған кезде А витаминінің жетіспеушілігі туралы ойлану керек.

Д витаминіне келсек, оның жеткіліксіздігінің алғашқы белгілерінің бірі – жабығу. Кішкентай балаларда – рахиттің дамуы.

В тобындағы дәрумендер көп және әрқайсысының өз функциясы бар. B1 – жүрек-қан тамыры, бұлшық ет, жүйке жүйелерінің жұмысына жауап береді. Бұл витамин жеткіліксіз болғанда осы жүйелерден патология байқалады. B2 болмауы немесе жетіспеушілігі ауыз қуысының өзгеруіне және ауруларына әкеледі. Белгілердің бірі – езудің жарылуы. B6 болмауы дененің құрысуына әкеледі.

Гиповитаминоздың да, гипервитаминоздың да белгілері (гипервитаминоз – бір немесе бірнеше дәруменнің аса жоғары дозасынан болған интоксикация нәтижесінде пайда болатын жағдай) нақты бір ауруға тән емес. Олар әртүрлі аурулар кезінде болады. Сонымен қатар, витамин жетіспеушілігі немесе артық болған жағдайда белгілер ұқсас болуы мүмкін. Осыған орай, міндетті түрде зертханалық тексеруден өту керек.

– Дәрумендерді тағайындаусыз және дәрігердің кеңесін алмай қабылдау зиян тигізуі мүмкін бе?

– Мүмкін, кез келген витамин дәрілік зат болып табылады. Ағзада жеткілікті витаминнің қосымша дозасын қабылдаған кезде интоксикация болуы ықтимал, бұл гипервитаминоз жағдайы. Бұл аурудың Аурулардың халықаралық классификациясында өзіндік коды бар және емделуді қажет етеді. Әдетте, дәрумендер жетіспеушілігі, гиповитаминоз гипервитаминозға қарағанда оңай және тез емделеді. Витаминді ағзадан шығару оны енгізуден гөрі қиын.

– Қазір адамдардың көбі Д витаминін ішеді. БАҚ-та пандемия кезінде иммунитетті нығайту үшін осы витаминді қабылдау қажет деп айтады. Бұл витаминді өздігінен қабылдау денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін бе, әлде оны күшейте ме?

– Иә, бүгінде Д дәрумені туралы жарияланымдар мен пікірлер көп, ол қазір кеңінен қолданылып жүр, бұл туралы бәрі айтады. Себебі, соңғы уақытта ғылыми топтар Д дәруменін белсенді зерттеуді қолға алды. Оның витаминдік қасиеттері ғана емес, гормон екендігі де дәлелденді. Бұл ерекше витамин, оның «білетіні» көп және ол адамның иммунитетіне өте жақсы әсер етеді. Д дәрумені кез келген басқа витамин секілді гипервитаминоз жағдайына әкеледі, ал оның гормонға ұқсас қасиетін ескерсек, бұл витаминнің артық дозасы адамдар үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Иммундық жүйені ынталандырудың орнына оны қатты басып тастайды. Мұның бәрі дұрыс таңдалған дозаға, ең алдымен қажеттілікке байланысты.

– Гипервитаминоздың белгілері қандай?

– Мысалы, қазір бәрі қолданып жүрген Д витаминінің гипервитаминозы туралы айтар болсақ, күрт орын алатын әлсіздікке, тәбеттің жоғалуына, бас ауруына, жүрек айну мен құсуға, улануға тән белгілерге назар аударуыңыз керек.

С витаминінің қасиеттері туралы бәріміз білеміз, бірақ ол да қауіпті. Жоғары дозада тері қыши бастайды. Бұл аллергиялық реакция болып саналады. Иә, аллергиялық компонент бар, бірақ ол С дәруменін көп мөлшерде қабылдауға байланысты.

В тобына жататын дәрумендер керемет, жүйке қабыршақтарына жақсы әсер етеді және неврологияда қолданылады. Бірақ шамадан тыс қолданғанда қозу, ұйқысыздық, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы сияқты ауыр белгілер пайда болуы мүмкін.

Ағза дәрумендер мен витаминдік кешендерді сіңірмейтін жағдайлар бола ма?

– Иә, гиповитаминоз үнемі тамақпен бірге немесе жеке витаминдік кешендер түрінде ағзаға түсетін дәрумендердің жетіспеушілігімен байланысты бола бермейді. Кешендер туралы неге сөз қозғадық? Өйткені ағзадағы химиялық процестерге қатысу үшін кез келген витамин кейбір микроэлементтермен байланысты болуы керек. Мысалы, магний және B6.

Екінші жағынан, ішек-қарын жолы бұзылған жағдайда, тіпті ағзаға жеткілікті мөлшерде түссе де, дәрумендер асқазан, ішек, бауыр ауруларына байланысты сіңірілмеуі мүмкін.

– Биологиялық белсенді қоспалар және Дәрумендер – екеуі бірдей ме?

– Бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Биологиялық белсенді қоспалар дәрілік зат емес. Олар тек табиғи материалдар негізінде жасалады және нақты дозалары болмайды. Дәрумендер синтетикалық түрде жасалады, бірақ олардың белгілі бір дозасы бар. Гипервитаминоздың ауыр жағдайын болдырмау үшін оны дұрыс есептеуге болады. Биологиялық белсенді қоспаларға келетін болсақ, нақты дозаны таңдау мүмкін емес, сондықтан жанама әсерлердің орын алуының қаупі жоғары.

– Балалар мен ересектерге арналған дәрумендерді таңдағанда неге назар аудары керек?

– Бала мен ересектің ағзасының дәрумендерге деген түрлі қажеттіліктерін біліп, соны ескеру қажет. Екіншіден, дозалардың әртүрлі болатынын естен шығармаңыз. Міндетті түрде дәрігерге жүгініп, қандай витаминнің қажет екендігін анықтаңыз. Минералмен немесе кешенді препаратты таңдаңыз. Ересек адамның немесе баланың ішек-асқазан жолдарының қызметін тексеріңіз. Егер қандай да бір бұзылулар болса, онда дәрумендер қабылдаудың мағынасы жоқ. Бұл өрескел қателік болады. Алдымен емделу керек. Кез келген дәрігер «зиян тигізбе» қағидатымен әрекет етеді. Бұл дәрумендерге де қатысты.

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button