Фейк аккаунттар: неге қауіпті және оларды қалай тануға болады?
Қазіргі кезде әлеуметтік желілерсіз өмірімізді елестету қиын. Олар арқылы достарымызбен сөйлесеміз, жаңалықтарды талқылаймыз, тіпті қажетті қызметтер мен тауарларды да табамыз. Бірақ бұл сондай қауіпсіз бе? Зиянкестер пайдаланушылардың сенгіштігін пайдаланып, олардың жеке мәліметтерін, ақшасын иемденеді немесе басқа адамның ар-намысына нұқсан келтіруі мүмкін.
Фейк аккаунттар не үшін жасалады?
Әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар көбінесе зиянсыз болады. Кәсіп иелері жеке парақшасын жұмыс парақшасымен араластырмас үшін клиенттермен қарым-қатынас жасау мақсатында бөлек парақша ашады. Қарапайым тұрғындардың да жасырын пікірлер қалдыру, ұтыстарға қатысу немесе бұрынғы ғашықтарының өмірін бақылау үшін бір әлеуметтік желіде бірнеше парақшасы болуы мүмкін.
Олар неге қауіпті болуы мүмкін?
– Қаскүнемдер сізден қарызға ақша сұрау үшін достарыңыз бен жақындарыңыздың парақшаларының нақты көшірмелерін жасай алады.
– Сондай-ақ, пайдаланушылар жалған интернет-дүкендер ашып, жоқ тауарларды ұсынып, 100% алдын ала төлем жасауды талап етеді.
– Боттар ашқан аккаунттар жазылушылардың жеке мәліметтерін жүктей алады.
– Алаяқтар мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде тіркеліп, адамдардың ақшасын иемдену үшін белгілі бір қызметтер ұсынады.
– Көп жағдайда фейк парақшаларды педофилдер тіркейді. Олар жасөспірімдер ретінде танысып, адамдардың сеніміне кіреді, «досы» болуға тырсады.
Фейк акаунттарды қалай тануға болады?
– Ең алдымен профильдегі фотосуретке назар аударған жөн. Шын аккаунттардан селфи, достарының және айналасындағы адамдардың суреттерін көруге болады. Фейк аккаунттарда интернет кеңістігінен табылған кездейсоқ суреттер жиі кездеседі. Фотосуреттің бірегейлігін Google-дан «суретті іздеу» функциясының көмегімен тексеруге болады. Қажетті суретті камераның белгісін басу арқылы іздеу жолына жүктеу керек.
Егер аккаунттағы суреттердің көбі басқа ресурстардан немесе пайдаланушылардың парақшаларынан табылса – онда бұл фейк.
– Хабарламалардың жүйелілігін тексеріңіз. Адамдарды көптеп қамтуды көздеген блогерлер болмаса, көп жағдайда адамдар жаңа фотосуреттерді бірнеше күн бойы, тіпті апталап жарияламайды. Фейк парақшаларда фотосуреттердің көбі бір күнде шығады немесе бір-екі күн аралықпен жарияланады.
– Жеке ақпаратты қараңыз. Фейк аккаунттарда көбінесе ақпарат болмайды немесе қисынсыз болады. Мысалы, туған жылы 1953 жыл, ал мектепті бітірген жылы – 1998 болуы мүмкін.
– Парақшаның жасалған күніне назар аударыңыз – әдетте фейк акаунттар ұзақ жүргізілмейді, сондықтан пайдаланушы жақында ғана тіркелген болады.
– Растайтын белгілерді табыңыз. Кейбір әлеуметтік желілерде пайдаланушының атына қарама-қарсы тұратын арнайы «құсбелгі» болады, бұл оның атақты тұлғаның, саясаткердің, мемлекеттік органның немесе бұқаралық ақпарат құралдарының шын парақшасы екенін растайды. Мұндай белгінің болмауы алаңдатарлық жайт.
Өзіңізді тағы қалай қорғай аласыз?
– Дос ретінде бейтаныс адамдарды немесе мазмұны күмәнді аккаунттарды қоспауға тырысыңыз.
– Егер әлеуметтік желілер арқылы біреулер қарызға ақша сұраса – оған қоңырау шалып, шынымен ақшаға мұқтаж екенін тексеріңіз.
– Егер мемлекеттік органдардың өкілдері әлеуметтік желілерде айыппұл төлеуді өтінсе немесе ақылы қызметтер ұсынса – ведомствоның жедел желісіне хабарласып, олардың азаматтарға осы форматта қызметтерді рас ұсынып жатқандығын нақтылаңыз.
– Егер Интернеттен бірнәрсе сатып алмақ болсаңыз – сатушы туралы пікірлерді мұқият қарап шығыңыз. Баламалы нұсқа ретінде тауарды шарт бойынша төлеуді ұсыныңыз. Осылайша, өзіңізді алаяқтардың ықтимал әрекеттерінен қорғайсыз. Ірі, танымал желілік дүкендерді таңдаған жөн.