Фейк: «ХХІ ғасырда глобалистер планетадағы барлық адамдарға қарсы геноцид бастады»
Қазақстандықтар белгісіз глобалистер ХХІ ғасырдың геноцидін ұйымдастырды деген мәтінді таратуда. Онда адамзатты жоюдың нақты жолдары ұсынылған. Оларды талдап, ақпараттың неге өтірік және конспирология болып табылатынын түсіндірейік.
Біріншіден, хабарламада қолданылған ұғымдар түсініксі. «Глобалистер» деген кім және олар адамдарды неге өлтіреді? Мұндай әдістер қастандық теорияларында жиі қолданылады. «Біз» және «олар» деп бөлу адамдарды басқалардан қорғану қажеттілігіне көндіруге көмектеседі және басқа көзқарасты тыңдамауға итермелейді.
Екіншісі – Жер халқының тұрақты өсуі. ХХІ ғасырдың басынан бері планетамыздағы адамдар саны екі миллиардқа жетті. Егер әлемде адамдар санын азайту бойынша қастандық болса, онда ол қазірдің өзінде сәтсіздікке ұшыраған болар еді.
Енді ақпаратта келтірілген «геноцид әдістеріне» жеке тоқталайық.
- Вакциналар
Мәтінде бұл адамдардың «генетикалық жойылуы» делінген. Шындығында, вакциналар гендерге мүлдем әсер етпейді. Вакцинация ДНҚ-ны өзгерте алады деген теориялар ғылымға қарсы және бірнеше рет жоққа шығарылды. Вакциналар балалар мен сәбилер өлімін едәуір азайтуға, сондай-ақ полиомиелит, сіреспе, паротит және т.б. аурулардың жиілігін ондаған есе азайтуға септігін тигізді.
- Ювеналды әділет
Бұл терминмен қастандық теориясын жақтаушылар балаларды отбасыларынан тартып алуды атайды. Олар ата-аналар вакцинациялаудан бас тартқаны немесе далада жалғыз жүруге жібергені үшін кәмелетке толмағандарды балалар үйлеріне жібере алады деп қазақстандықтарды бірнеше рет қорқытты. Сондай-ақ 2021 жылдың қыркүйегінде Қазнетте елімізде «балаларды өлтіру стандарты» енгізілетіні туралы ақпарат кеңінен тарады, оған сәйкес кез келген балаға және кез келген ата-анаға заңды түрде медициналық тәжірибелер жүргізу мүмкін болады екен.
Әрине, мұның бәрі қастандық теориясын жақтаушылар таратқан фейктер.
- Тағамдық геноцид
Ақпаратта бұл тағамға ГМО мен пальма майын қосу деп жазылған. Алайда, екеуі де өлімге әкелмейді және көбінесе зиянсыз болады. Гендік модификацияланған өнімдер, біріншіден, әлдеқайда сирек кездеседі, екіншіден, ағза үшін қауіпсіз. ГМО тақырыбы бойынша бір жарым мыңнан астам ғылыми жарияланымдарға шолу мұндай өнімдердің адам денсаулығына ешқандай зиян келтірмейтінін көрсетті.
Пальма майы да адамдарды өлтіретін құрал емес. Кейбір елдерде, мысалы, Малайзия мен Индонезияда пальма майы ғасырлар бойы қолданылып келеді. Пальма майының құрамында денсаулыққа қауіпті транс майлар жоқ және А дәруменіне бай екендігі ғылыми дәлелденген. Демек, ГМО мен пальма майын тамаққа қосу арқылы адамдарды өлтіру мүмкін емес.
- Алкоголь және темекі
Шамадан тыс ішу мен темекі шегудің зиянды екені ғылыми дәлелденген. Алайда оларды ХХІ ғасырдағы геноцид құралдары деп санау дұрыс емес. Алкоголь де, темекі де туралы адамзат біздің дәуірімізге дейін білген. Мұны археологиялық олжалар растайды.
Қазіргі кезде көптеген елдер заңнамалық деңгейде темекі өнімдері мен алкогольдік ішімдіктерді БАҚ-та және баннерлерде жарнамалауға тыйым салды. Қазақстанда алкоголь мен темекі жарнамасына 2003 жылдан бастап тыйым салынған.
Демек, әр түрлі елдердің билігі алкоголь мен темекі шегуді қолдамайды, сондай-ақ бұған белсенді түрде тосқауыл қояды.
- Қолдан аштықты жасау
Бұл – COVID-19 пандемиясының басталғанда 2020 жылы шыққан қастандық теориясы. Конспирологтардың айтуынша, жұмбақ глобалистер адамдарды өлтіріп, бүлік шығару үшін дүниежүзілік ашаршылық ұйымдастырады. Бұл теориялардың шын екеніне сол кезде негіз болмады, қазір де жоқ.
Қорыта айтқанда, ақпаратта аталған барлық тармақтар қастандық теорияларын қайталайды немесе өтірік болып табылады. Демек, таратылған хабарламаға сенудің қажеті жоқ.