Фейк: «Орталық барлау басқармасының құпия құжаты адамдардың паранормальді қабілеттерін дәлелдейді»
Желіде Орталық барлау басқармасының адамның паранормальді қабілеттерін және біздің әлем адамдар өз ойларымен, өз қолымен жасаған иллюзия екенін дәлелдейтін құпия құжаты талқылануда. Мұндай құжаттың бар-жоғын, егер бар болса, онда не туралы жазылғанын тексерейік.
Таралған видеода автор құжаттың 1983 жылы Орталық барлау басқармасында әзірленгенін айтады. Бұл ақпаратты біле тұра, құжаттың өзін және оның толық мәтінін Желіден табуға болады.
Ол ОББ ресми сайтында орналастырылған және 2003 жылға дейін құпия болған. Алайда, Желіде 20 жыл өткен соң 2021 жылы ғана талқылана бастады.
1983 жылғы есепте Gateway Experience жобасы туралы айтылады. Ол денеден тыс саяхаттарға арналған және 1978 жылы басталып, 17 жылға созылған ауқымды «Жұлдыздар қақпасы» (Stargate) жобасының бір бөлігі болды. Осы уақыт ішінде ОББ мамандары ғалымдармен бірге көріпкелдік пен дыбыстарды есту, телекинез, телепортация, сәуегейлік және т.б. паранормальді құбылыстар мен қабілеттердің бар екендігін дәлелдеуге тырысты. Жоспарда мұндай нәрселердің болуы ықтимал екенін растау, сондай-ақ оларды барлау және әскери іс-қимылдарда қолдануды үйрену оңай боғлан жоқ.
Қазіргі заманғы адамға мұндай зерттеулерді мемлекет тарапынан қаржыландыруды түсіну қиын. Бірақ 1970 жылдары, яғни қырғи қабақ соғыс кезінде АҚШ пен КСРО мұндай инвестициялардың өзін-өзі ақтау ықтималдығы төмен екенін біле тұра, паранормальді қабілеттерді зерттеуге қаржы жұмсауға дайын болды.
Денеден тыс саяхаттарды, телекинезді, адам ойын оқуды және көріпкелдікті зерттеу еш нәтиже бермеді. 1995 жылы «Жұлдыздар қақпасы» жобасы 17 жыл ішінде алдына қойылған бірде-бір мақсатқа қол жеткізбегені туралы есеп жарияланды. Паранормальді құбылыстар немесе қабілеттер ОББ-ның қандай да болмасын бір операциясында тиімділігін көрсетпеді және олардың бар екендігі дәлелденбеді. Сондай-ақ есепте «Жұлдыздар қақпасы» жобасының алдыңғы баяндамаларында дәл емес және жаңылыстыратын деректер болғандығы айтылған.
Адамдарда паранормальді қабілеттердің барын арнайы қызметтер ғана емес, басқалары да дәлелдеуге тырысқан. Әлемде аураларды сеземін, адамның ойын біліп отырамын, марқұмдармен сөйлесіп, ғылыми тұрғыдан түсініксіз басқа нәрселерді жасай аламын дейтін мыңдаған адам бар. Мұны дәлелдегісі келетіндер тіпті ғылыми бақыланатын соқыр эксперименттерге қатысуға келіседі. Мысалы, ондай шараларды Джеймс Рэнди қорының қызметкерлері өткізеді, олар қабілетін тексеруден сәтті өткендерге миллион доллар ұсынады. Сондай-ақ көріпкелдердің паранормальді қабілеттерін Гарри Гудини сыйлығының сараптамалық кеңесінің мүшелері тексереді. Бойында ерекше қасиеттің бар екенін дәлелдеген үміткер миллион рубль ала алады. Бір қызығы, сыйлық бекітілгеннен бері бірде-бір үміткер бақыланатын ғылыми эксперимент жағдайында паранормальді қабілеттерін көрсете алмады.
Демек, адамдарда паранормальді қабілеттер жоқ. ОББ-ның 1983 жылғы құжаты олардың бар екендігін дәлелдемейді, олар мұны растауға тырысса да, ұзақ уақыт өткеніне қарамастан еш нәтиже болмайды.
Олай болса, таралған ақпарат жалған.