Конспирология

Фейк: «Барлық мемлекеттер жойылды»

Әлеуметтік желі қолданушылары Рим Папасы Франциск өз жарлығымен барлық мемлекеттерді жойғаны туралы ақпарат таратуда. 1 қыркүйекте күшіне енген 2013 жылғы 11 шілдедегі Motu proprio Жарлығы ең жоғары заңды құрал болып табылады. Motu proprio барлық қабылданған халықаралық келісімдерді жояды, ал мемлекеттік органдар мен ведомстволар жарамсыз болып қалады.

Motu proprio туралы жоғарыда айтылған барлық мәлімдемелер жалған, олардың нақты негіздемесі жоқ. Төменде Рим Папасы Франциск өз жарлығында не туралы айтқанына тоқталайық.

Католиктік канондық заң motu proprio деп Рим Папасы өз бастамасымен шығарған және өзі қол қойған құжатты атайды. Motu proprio шығарылу себептеріне қарамастан заңды күшке ие. Рим Папасының мұндай жарлығы шіркеуге немесе оның жеке бөліктері мен адамдарына қатысты болады.

2013 жылғы 11 шілдедегі Жарлыққа келетін болсақ, оның тақырыбы барлық мемлекеттердің жойылуымен байланысты емес. Бұл motu proprio-да Рим Папасы Франциск трансұлттық қылмыстық ұйымдардың қаупі артып отырғанын атап көрсетеді. Ол халықаралық қауымдастықты қылмыстық әрекеттің алдын алу үшін қажетті құқықтық шаралар қабылдауға шақырады.

Сонымен қатар Рим Папасы өз жарлығында барлық қылмыстар жасалған кезде Ватикан қаласында қолданылатын қылмыстық заңнамаға сәйкес құқықтық жүйенің жалпы принциптеріне нұқсан келтірмей қаралуы керек деп белгіледі.

Motu proprio жарлығы заңды күшке ие болғанымен, ол Рим Папасының басқа жарлықтары сияқты шіркеуге ғана қатысты. Демек, Рим Папасы Франциск барлық мемлекеттердің күшін жою туралы жазса да, оның жарлығы католик шіркеуінен тыс жерде заңды күшке ие болмас еді. Алайда, ол мұндай жарлықтар шығарған жоқ.

Осылайша, Рим Папасы Францисктің жарлығымен барлық мемлекеттердің жойылғаны туралы ақпарат – фейк. Рим Папасы Motu proprio-да қылмыстық әрекеттің алдын алу шараларын белгілейді және оның халықаралық келісімдер мен мемлекеттердің күшін жоюына қатысы жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button