Фейк: «Жеміс пен көкөніс адамдарды вакцинациялау үшін қолданылады»
Танымал Telegram чаттарында әлемдік үкімет халықты вакцинациялау үшін жеміс пен көкөністі пайдаланады деген ақпарат тарады. Теория бойынша банан, картоп және басқа да тағамдар гендік-модификацияланған, оларда вакциналар бар. Бұл рас па? Анықтайық.
Құрамында вакциналар бар гендік-модификацияланған көкөніс пен жеміс әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ол 1990 жылдары молекулалық биолог Чарльз Арнцен «жеуге болатын вакциналар» терминін енгізген кезде қолға алынған. Идея тағамдарды жеген адамдар мен жануарларда белгілі бір патогендерге иммунитет қалыптасатындай етіп өзгертуге негізделді.
Бұл саладағы жұмыс үш жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқанына қарамастан, нарықта әлі де жеуге болатын вакциналар жоқ. Мұның бірнеше себебі бар, оның ішінде негізгілерінің бірі – дәрі-дәрмекті ағзаға жеткізу тәсілі. Қандай да бір тағамды жеген кезде олар тікелей асқазанға түсіп, құрамына тұз қышқылы болатын асқазан сөлінің әсерінен сонда ыдырайды. Демек, әзірлеуші ғалымдардың алдында асқазанда бөлінбейтін, бірақ науқастың қанына енетін вакцина жасау міндеті тұр.
2023 жылдың сәуірінде INTERNATIONAL JOURNAL Of AGRICULTURE & BIOLOGY журналында жарияланған мақалада бүгінгі күнге дейін тырысқақ, безгек гепатиті, Ньюкасл ауруы, қызылша және құтыруға қарсы жеуге болатын вакциналар әзірленгені туралы жазылған. Кейбір препараттар адамдарда немесе жануарларда клиникалық сынақтар жүргізу үшін мақұлданды. Бүгінгі таңда мұндай кез келген вакцинаны сынақтан тыс алу мүмкін емес.
Микробалдырлардан жеуге болатын вакциналар жасау бойынша да жобалар қолға алынған, бірақ олар әлі өндіріліп жатқан жоқ.
Демек, бүгінде көкөніс пен жемістегі вакциналар тек клиникалық сынақтар аясында қол жетімді жоба. Болашақта вакциналары бар банан немесе картоп кәдімгі жеміс пен көкөніс сатылатын жерлерде ұсынылатын болады деп ойлауға негіз жоқ.
Сонымен қатар жеуге жарамды вакциналарды қастандық теорияларында сипатталған және болуы күмәнді болып табылатын «әлемдік үкімет» емес, ғалымдар мен фармацевтикалық компаниялар әзірлейді.
Демек, әлемдік үкіметтің жеміс пен көкөністі адамдарды оларға айтпастан вакцинациялау үшін қолданатыны туралы ақпарат – фейк.