Конспирология: «Құстар – бұл адамдарды бақылайтын дрондар»
Пайдаланушылар құстар өмірде жоқ деген қастандық теориясын талқылауда. Біз далада көретін құстар – бұл тірі жандар емес, адамдарды бақылайтын дрондар екен. Бұл теория қайдан шықты? Ол неге шындыққа жанаспайды? Айтып берейік.
Басқа қастандық идеяларға қарағанда, құстар туралы теорияның нақты пайда болған күні және негізін қалаушысының кім екені белгілі – бұл Питер МакИндоу. Ол 2017 жылы «Құстар шынайы емес!» (birds aren ‘ t real – ағылш.) деген ұран жазып, қастандық теориясына пародия жасады. МакИндоу мен оның серіктері құстар адамдарды бақылайтын ұшқышсыз ұшақтар деген ойға қонымсыз идеяға «негіз» ретінде «шын құстарды жоюдың» амалын тапты. Олар бұған химтрейлдердің де қатысы бар деп айтты – соның көмегімен құстар жойылып, дрондармен алмастырылған. Одан әрі МакИндоу өз теориясын дәлелдейтін «үкіметтік құжаттарды» қолдан жасап, құстардың дрон екендігіне «дәлелдер» келтірілген бірнеше видео түсірген.
Әрине, Питер Макиндоудың өзі де, қойылымдық «митингілерге» қатысқандар да құстардың қазір жоқ екеніне сенбейді. Олардың мақсаты – адамдарды өз сөздерінің шын екеніне сендіру емес, ақылға қонымсыз идеяларды «дұрыс» ұсынған жағдайда, олардың қаншалықты сенімді болып көрінетінін көрсету.
«Құстар шынайы емес!» митингілерін ұйымдастырушы Клэр Кронистің айтуынша, бұл қозғалыс – «ақылсыздық арқылы ақылсыздықпен күресу» әрекеті және онлайн қастандық теорияларының қисынсыз екенін көрсету.
Қорыта айтқанда, дрон құстар туралы теория – бұл бірқатар идеялардың мағынасыз екенін мазақ ету үшін әдейі жасалған қастандық теориясының пародиясы. Оған сенбеу керек, өйткені оған нақты дәлелдер жоқ және болуы да мүмкін емес.