Дәлелсіз: «Ротшильдтер 1992 жылы адам геномын өзгертуге ниет білдірген»
Желіде The Economist журналының 1992 жылғы сәуірдегі мұқабасының фотосуреті таралып жатыр, онда Changing your genes (Геніңізді өзгерте отырып – ағылш.) деген тақырып жазылған. Фотосуретте бұл журнал Ротшильдтер отбасына тиесілі және тақырыбы – адамдардың гендерін мәжбүрлі түрде өзгертетіні туралы тікелей ескерту деп жазылған. Бұл олай емес, неге екенін түсіндірейік.
The Economist журналы 1843 жылдан бастап жарық көреді. Оның негізін қалаушы -британдық банкир Джеймс Уилсон. 2015 жылға дейін журналдың бақылау пакеті Pearson plc компаниясына тиесілі болды. Кейін компания өз үлесін италиялық Аньелли әулетіне сатады. Бүгінгі таңда олар журналдың 43.4% акциясын иеленіп отыр. Қалған акциялар бірнеше акционердің арасында бөлінген, олардың ішінде Ротшильдтер отбасы да бар, бірақ бұл олардың басылым иесі немесе 1992 жылы оның иесі болды дегеннің белгісі емес.
Журналдың 1992 жылғы сәуір айындағы мұқабасына келетін болсақ, Желіде таралған нұсқа шынайы. Гендердің өзгеруі туралы тақырыбы бар журнал 1992 жылы 25 сәуірде жарық көрді. Желіде оқуға болатын басылымның цифрланған нұсқасы табылмады, ал The Economist ресми сайтында 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін шығарылған журналдардың архивтік цифрлық көшірмелері ұсынылған. Демек, мақаланы толығымен оқып, онда не жайлы жазылғанын білу мүмкін емес. Яғни, онда барлық адамдардың геномын мәжбүрлеп өзгерту туралы жазылған деп айта алмаймыз.
Бүгінгі күні, мақала шыққаннан 30 жыл өткен соң, жер бетіндегі адамдарға айтпастан барлығының ДНҚ-ын тез және тиімді түрде өзгерте алатын технология жоқ.
Ғалымдар CRISPR гендік өңдеу технологиясын жасады. CRISPR – бұл топтарда жүйелі орналастырылған қысқа палиндромдық қайталанулар (clustered Regular Interspaced Short Palindromic Repeats).
CRISPR локустарының өзі ресми түрде тек 1993 жылы сипатталды, ғалымдар олардың бар екендігі туралы 1987 жылы анықтаған.
Алайда ғалымдар бұл палиндромды қайталаудың нақты мақсатын тек 2007 жылы ғана түсінді. 2011 жылы Cas9 ақуызының көмегімен геномды кез келген жерде «кесуге» болатындығы анықталды. Екі жылдан кейін, 2013 жылы CRISPR/Cas9 көмегімен ДНҚ-ның зақымдалған бөліктерін алып тастап, оларды басқа, сау бөліктермен алмастыруға болатындығы дәлелденді.
Бүгінгі таңда CRISPR/Cas9 технологиясы жануарларды клиникалық зерттеу аясында, сондай-ақ адамдарда сирек кездесетін генетикалық ауруларды емдеу үшін қолданылады. Технологияны барлық жерде, әсіресе, адамдардан жасырын түрде қолдану туралы сөз болып отырған жоқ. Бүгінгі таңда технология әлі де зерттеліп жатыр және ғалымдардың пікірінше, шамамен жағдайлардың 15%-нда сәтсіздікке ұшырайды. Адамдар үшін мұндай қателіктер аса қауіпті.
Сонымен қатар барлығына бірдей әмбебап Cas9 ақуызын жасау мүмкін емес. Оны жеке-жеке таңдау керек, сонда-ақ ол адамның өңделетін ДНҚ-ның белгілі бір сегментіне сәйкес келетін генетикалық ақпаратты алып жүруі керек.
The Econimist журналы гендерді редакциялау тақырыбына бірден бірнеше мақаланы арнаған, олардың кейбіреулерінің суреттері мұқабаға шығарылды. Алайда, бірде-біреуінде адам геномын мәжбүрлеп және жаппай өзгерту туралы айтылмаған.
Осылайша, 1992 жылы Ротшильдтердің әлемге адамдардың ДНҚ-ны жаппай редакциялау жоспарлары туралы ескерткеніне ешқандай дәлел жоқ. Біріншіден, The Economist журналы Ротшильдтердікі емес, екіншіден, Желіде журналдың 1992 жылғы 25 сәуірде шыққан саны сақталмаған.