Фейк: «Тіс пастасында у бар»
Қазнетте тараған видео авторы тіс пасталары өмір мен денсаулыққа қауіпті деп мәлімдейді. Олардың құрамында бұлшықеттерді, сүйектерді бұзатын және тіс жегінің қалыптасуына әкелетін улар бар екен. Мұның бәрі жалған.
Ролик авторының айтуынша, тіс пасталарында бұлшықетті бұзатын у траклозан бар. Шын мәнінде, триклозан – кең спектрлі микробқа және саңырауқұлаққа қарсы агент. Оның кейбір тіс пасталарының, сабындардың, косметиканың және бірқатар тұрмыстық заттардың құрамына кіретіні рас.
Триклозан аз мөлшерде қауіпсіз. Алайда, бұл затты көп тұтыну қалқанша безінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Жақында жүргізілген зерттеуде триклозанның ішектің қабыну ауруларын тудыратыны жазылған. Бұл жерде де оны көп мөлшерде тұтыну жайлы айтылып отыр. Ал тіс пастасында бұл зат аз ғана болады.
Роликте аталған тағы бір улы зат – PEG-6. Ол пропиленгликоль атауымен де белгілі және роликтегі ақпаратқа қарамастан, ешқандай қауіп төндірмейді. Бұл түссіз және иіссіз суда еритін зат. Ол көбінесе косметикада немесе тамақ өнімдерінде хош иістендіргіш немесе эмульгатор ретінде қолданылады. Тіс пастасына оны ылғалдандыру және консистенциясын ұзақ уақыт сақтау үшін қосады.
Сондай-ақ ролик авторының айтуынша, тіс пастасының құрамындағы фтор тіс жегісінің дамуына және тістің бұзылуына ықпал етеді. Шындығында, бәрі керісінше. Фтордың тіс жегісінің дамуына кедергі келтіретіні және тіс эмалін нығайтатыны ғылыми дәлелденген.
Видеода ер адам тіс пастасынан бас тартуға және тіс тазалаудың орнына ауызды тұз бен сода ерітіндісімен шайып, ағарту үшін аздап лимон қышқылын қосуға кеңес береді.
Ауызды ас тұзы мен сода ерітіндісімен шаюдың өзі зиянды емес, тіпті пайдалы. Бұл ауыз қуысында бактериялардың таралуын болдырмауға және қол жетпейтін жерлерден тамақ қалдықтарын кетіруге көмектеседі. Дегенмен, шаю тіс тазалауды алмастыра алмайды, өйткені ол тіс саулығына елеулі қауіп төндіретін тістік өңезді кетіре алмайды.
Тісті ағарту үшін ерітіндіге лимон қышқылын қосуға келетін болсақ, бұл даулы мәселе. Қышқыл орта тіс эмалін кетіруі мүмкін, ал бұл тістердің бұзылуына әкеледі. Кейбір дереккөздер лимон қышқылын тісті ағарту үшін қолдануға болатыны жазылған, бірақ мұны екі-үш аптада бір рет істеу керек. Алайда, тісті ұзақ уақыт тазаламау қауіпті. Бір аптаның ішінде тістік өңез қатып, тіс эмалін бұза бастайды. Үй жағдайында оны тазарту өте қиын және уақыт өте келе олар қызыл иекке кіріп, зақымдауы мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, роликте айтылған «тіс пастасының құрамындағы улар» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылым дәлелдеген фактілерге қайшы келеді деуге болады. Тіс тазалаудан бас тарту туралы ұсыныстар денсаулыққа қауіпті және оларды ұстанудың қажеті жоқ.