Fake News

«Салық төле де, 50 мың ал». Байбек алаяқтар туралы пікірін айтты

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әлеуметтік желілердегі «Biz Birgemiz» акциясы аясында телеграм-боттар мен төлем жүйелері арқылы 50 мың теңге көлеміде жәрдемақы төленетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.

Желіде «Biz Birgemiz» ұранымен телеграм-боттар және әр түрлі онлайн-төлем жүйелері арқылы 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы алуға болатыны туралы жалған ақпарат пайда болғанын айтқым келеді. Кейбір азаматтар қордың қайырымдылық көмегін алу үшін 2485 теңге көлеміндегі бірыңғай жиынтық төлемді өтеу қажет екендігі туралы жалған хабарлама таратады, — деп жазды ол Facebook-тегі өзінің парақшасында.

 

Оның айтуынша, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қор қаражатынан материалдық көмек екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карточкалық немесе ағымдағы шотына қолма-қол ақшасыз аудару жолымен жеткізіледі.

 

Байбек Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры бірінші күннен бастап 550 мыңнан астам қазақстандық отбасына атаулы көмек көрсеткенін айтты. Сондай-ақ, коронавируспен күреске тартылған 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері 50 мың теңгеден алды. «Jas Otan» белсенділері 300 мыңға жуық отбасына азық-түлік себеттерін жеткізді. 100 мың әлеуметтік жағынан осал отбасылардың арасында 5 миллион медициналық маскалар таратылды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының Достық ауылының тұрғындарына жаңа үйлер салып беруге Қордан 340 млн. теңге бөлінді.

«Birgemiz» қоры бұдан әрі де халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету жұмыстарын жариялылық пен есеп беру қағидаттарын ұстана отырып жалғастыра бермек. Осындай күрделі кезеңде қиындыққа тап болған адамдардың сенімін пайдаланып қалғысы келетіндер бар екені өкінішті.  Қор басшылығы мұндай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарына жүгінеді. Тағы да атап өткім келеді, тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіздер!»- деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button