Конспирология

Фейк: «Нефилимдік гені бар чиптелген сарбаздар жасалуда»

Танымал қазақстандық Telegram-арналарда құпия зертханаларда сарбаздарды чиптеп, оларға нефилимдік гендер енгізетіні туралы ақпарат тарады. Бұл – конспирология.

Ақпаратта мұндай тәжірибелерді АҚШ Қорғаныс министрлігінің Перспективті зерттеу жобалары басқармасы немесе DARPA-ның жүргізетіні айтылған. Гендік модификацияланған және чиптелген сарбаздар бір-бірінің ойларын оқи алады, жаралар мен психикалық аурулардан өзін-өзі емдей алады және керемет күшке ие болады.
Бұл теорияны жекелеп талдап шығайық. Сарбаздарды чиптеуден бастайық. Бұл туралы БАҚ-та 2014, 2015 және 2017 жылдары айтылды. DARPA-ның әзірлемесі соғыс аймағында болған сарбаздарда жарақаттан кейінгі стрестік бұзылыс белгілерін емдеуге қабілетті чип жасауға негізделді. Ойларды бақылау туралы сөз болған жоқ. Жоба туралы келер шақта айтылды. Басқармада тек прототипін ғана жасап, зерттеу жүргізу, содан кейін технологияны жаппай қолдануға рұқсат сұрау жоспарланған болатын.
Бүгінгі күні жоба мақұлданған жоқ және технология туралы жаңалықтар жоқ.
Сонымен қатар DARPA миды зерттеу бойынша BRAIN Initiative жобасының қатысушысы болып табылады. Оның аясында ғалымдар мидың қалай жұмыс істейтінін, сондай-ақ онымен байланысты Альцгеймер ауруы және т.б. аурулардың дамуын болдырмау жолдарын зерттейді.
Бұл жобада да адамның ойын білу және супер сарбаз жасап шығару туралы айтылмайды.
DARPA сайтында геномның өзгеруі және әскери қызметкерлердің бөгде ДНҚ-ны енгізуі туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар Қазнетте аталған нефилимдер – бұл мифтік тіршілік иелері, олардың ДНҚ-сы ешкімге енгізілмейді. Аңызға сәйкес, нефилимдер – бұл адамдар мен періштелердің будандары. Бұған дейін біз ғалымдар мұндай тіршілік иесінің қалдық сүйектерін тапты деген фейкті жоққа шығарған болатынбыз. Іс жүзінде нефилимдер ешқашан болған емес.
Демек, адам ойын оқуға арналған чиптері бар гендік модификацияланған сарбаздар туралы таралған хабарлама – ашық көздерден алынған деректермен манипуляциялау және конспирология. Мұндай хабарламаларға сенудің қажеті жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button